Ирина Романова Преснов орман шаруашылығында 5 жыл жұмыс істейді. Өз жұмысын жетік меңгерген, көшеттердің санын сақтау үшін не істеу керектігін біледі. Сондай-ақ, бүршік әзірлейді.
ИРИНА РОМАНОВА, Преснов орман шаруашылығының ормандарды молықтыру жөніндегі инженері, Жамбыл ауданы:
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында біз жыл сайын егіс алқабымызды ұлғайтып жатырмыз. Қайың бүршігін жинаймыз. Биыл 520 килограмм жиналды, тексеріліп, Көкшетау орман тұқымы станциясына жөнелтілді. Кейін қайтадан бізге жеткізіліп, орман шаруашылығы ішіндегі 3 тәлімбаққа егіледі. Еш қиындықсыз өсуі тиіс.
Бүршік жинауға жергілікті орманшылар жауап береді. Олар жұмысты жылда тамыз айында бастайды. Мамандардың міндетіне тұқымды кептіріп, илеу кіреді. Содан кейін Ирина Романоваға жеткізіледі. Ал нәзікжанды бүршікті сараптамаға жібереді.
Преснов орман шаруашылығының ауданы 30 мың гектарды құрайды. Ол 3 орманшылықтан тұрады: Кладбинка, Преснов және Троицк. Ал мемлекеттік күзет қатарында 60-қа жуық адам еңбек етеді. Орманшылық аумағында орналасқан негізгі тәлімбақтан бөлек, мұнда мектеп тәлімбағы да бар, оның ауданы – 0,8 гектар. Бұл жерге жастар жиі келеді. Өскелең ұрпақ осындағы сабақтарға қызыға қатысады. Олар мұнда қоршаған ортаны қорғауды үйренеді.
Орталық белсендісі – 11-ші сынып оқушысы Анастасия Мельникова. Ол тәлімбаққа 3 жылдан бері келіп жүр.
АНАСТАСИЯ МЕЛЬНИКОВА, И.Шухов атындағы Пресновка жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының оқушысы, Жамбыл ауданы:
– Біз жыл сайын тәлімбаққа келіп, ағаш отырғызамыз. Өткен жылы Пресновкаға кіреберіс тұсқа көшет ектік. Бұл іс біздің өлкемізді көгалдандыру үшін қажет, ағаш табиғатымызды одан әрі көркейтеді және облысымыздың экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Тәлімбақтағы жұмысқа Иван Шухов атындағы Пресновка жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы география пәнінің мұғалімі Валентина Шулпина жауапты.
ВАЛЕНТИНА ШУЛПИНА, И.Шухов атындағы Пресновка мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі, Жамбыл ауданы:
– Жыл сайын Петропавл қаласына форумдарға, орманшылар слетіне барамыз. Соңғы 2 жылда екінші орынға ие болдық. Сондай-ақ, өлкетанушылар байқауында да жүлдегер атандық. Жазғы уақытта балалар орманшылықта жұмыс істейді: ағаш отырғызады, оларға күтім жасайды.
Орман шаруашылығында жылда оң өзгеріс орын алады. Материалдық-техникалық база жыл артқан сайын жақсаруда.
Осында заманауи жабдықтардың көмегiмен өрт шыққан жер анықталады. Преснов орман шаруашылығын Сейітжан Күрлеуітов басқарады. Ер адам өмірінің 38 жылын осы салаға арнаған.
СЕЙІТЖАН КҮРЛЕУІТОВ, «Преснов орман шаруашылығы» КММ директоры, Жамбыл ауданы:
– Орман шаруашылығы күніне орай барлық жұмыстарды аяқтадық. Ағаш егу бойынша жоспар бар. Жоспар орындалып жатыр.
Айта кетейік, қыс кезінде орман шаруашылықтары өкілдері жануарларды суықтан құтқарады, қоректенуін қамтамасыз етеді. Жыл сайын табиғат аясындағы тіршілік иелеріне арнап, жем-шөп пен жапырақ қорын дайындайды.
Мәдина Қаби