ТКШ

Петропавлда коммуналдық қызметтер үшін төлем жасалатын кассалар жабылады

Бұл – Светлана Петрованы толғандырған мәселе. Петропавлдық азаматша коммуналдық қызметтер үшін төлем жасап келген «Севказэнергосбыт» кассаларының жабылатынына үзілді-кесілді қарсы. Оның сөзінше, мұндай өзгеріс егде жастағы адамдар мен кейбір кембағал жандарға қиындық тудырады.

СВЕТЛАНА ПЕТРОВА, қала тұрғыны:

– Жаңа аға кассир шығып, маңызды ақпармен бөлісті. Қазір бұл жерде 2 касса жұмыс істеп тұр. Солар алдағы қараша мен желтоқсан айларында толық жабылады. Бәріміз интернет арқылы төлем жасау керек екенбіз. Бұл бәріне бірдей ыңғайлы дей алмаймын. Әсіресе, нашар көретін адамдарға қиын.

Базына білдірген бұқараға «Севказэнергосбыт» өкілдері төлем жасаудың тағы бір түрін ұсыныпты. Жергілікті халық “Қазпошта” арқылы есеп айрыса алады екен. Алайда, ол жақта халықтың қарасы қалың. Серіктестіктің өзі мына залына күн сайын жүздеген адам келетінін ескерсек, ұсыныстың тиімді емес екендігін ұғынамыз.

ЗАЙНИ САҒАНДЫҚОВА, қала тұрғыны:

– Менің төлем жасауға келгеніме 1 сағаттан асты. Әлі отырмын. Алдымда 100-ден астам адам бар. Егер бұл жердегі кассалар жабылса, жағдайымыз мүлде қиындайды. Бұрын көп күтпейтінбіз. Соңғы уақытта осылай отыруға тура келеді. Өзім Жұмысшы кентінен келіп отырмын.

Туындаған мәселе бойынша «Севказэнергосбыт» серіктестігінің бас директоры Мағауия Сағандықовқа жүгіндік. Ол халық қолдау танытпаған өзгеріс Президент Жолдауы аясында орын алатынын айтты. Қазір ұйым цифрландыруға көп көңіл бөліп жатыр екен. Айта кетерлік жайт, тұтынушылар төлеген ақшаның бір бөлігі кассирлердің жалақысына жұмсалып келген. “Егер жұртшылық онлайн режимге көшсе, жиналатын қаржы есебінен болашақта тариф төмендеуі мүмкін”, – деді Мағауия Сағандықов.

 

Байболат Құлтанов