Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Омбылық делегация шаһардағы әлеуметтік нысандарды аралады

Губернатор Виталий Хоценко бастаған омбылық делегация шаһардағы әлеуметтік нысандарға бас сұқты. Соның бірі – облыстық тарихи өлкетану музейі. Мұнда ұлтымыздың танымал тұлғаларының бейнелері мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын көптеген құнды заттар қойылған.

Губернатор бастаған топ барған келесі нысан – Оқушылар сарайы. Білім ордасында 11 үйірме бар. Оған 3 мыңға жуық бала қатысады. Қонақтар мұнда заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу бөлмелерін қарады. Ресейліктер әр кабинетке бас сұғып, білім мен өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.

Кейін делегация “Бірлік” ықшам ауданындағы жаңадан салынған 700-ге жуық үймен танысты. Виталий Хоценко баспаналардың қысқа уақытта осыншалық көп әрі сапалы салынғанына таңданысын жасырмады.

Омбылық делегация өткен аптада ғана таспасы қиылған үстел теннисі орталығын аралады. Көз тартар ғимарат барлық әлемдік стандартқа сай салынған. Жобаның жалпы құны 3 жарым млрд теңгені құрайды. Ғимарат 8 айдың ішінде бой көтерген. Келген меймандар заманауи нысанның көңілден шыққанын жеткізді. Кейін облыс әкімі мен Виталий Хоценко теннис ойнап жарысты.

 

Мәдина Қаби