Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогының ойындары аяқталды. Ақтық сында жергілікті “Қуаныш” пен талдықорғандық “Жетісу” клубы кездесті.
Волейболшылар соңғы дайындықтарын пысықтап, ортаға шықты. Бұл ойынды көру үшін алтыдағы баладан, алпыстағы қартқа дейін келген. Басым бөлігі – “Қуаныш” клубының жанкүйерлері. Алайда, алғашқы партияның басында қыздарымыз қуантпады. Жерлестерімізге допты қабылдаудың өзі қиынға соқты.
Қарсыласқа сәттілік серік болды, олар әрі үйлесімді ойнады және жойқын соққылармен ерекшеленді. Осылайша, “Жетісу” алға жылжи берді. Мұны байқаған жаттықтырушы Азамат Есімов қыздарға жиі жүгінгі, ойыншыларды да ауыстырды. Бұл алқашқы периодтың ортасында жеміс берді. Бұрымдылар бірнеше ұпайды қоржынға салды.
Дегенмен, алғашқы кезеңде жеңіс бұйырмады. Таблодағы есеп – 23 те 25. Талдықорғандық қыздар алға шықты. Петропавлдық ұжым үзілісте жаңа тактика құрды. Олар кубок қаламызда қалатынына сенімді.
АЯУЛЫМ ТҰРДЫХАНОВА, “Қуаныш” ВК ойыншысы:
– Осы жарысқа 1 айдай дайындалдық. Барлығын жеңіп келеміз. Кубок қолда деп ойлаймыз. Болашақта олимпиадаға барғым келеді.
Өкінішке қарай, алдағы партияларда айтарлықтай өзгеріс орын алмады. Қарсылас қыздар бір бас жоғары болды. Осылайша, қонақ ұжым “Қуаныш” клубын 0 де 3 есебеміне жеңіп, кубокты Талдықорғанға алып кетті.
Байболат Құлтанов