НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Бүгін нағыз кіл мықтылардың сайыс өтпек. Өйткені, Қызылжар ауданына жан-жақтан тәжірибелі шабандоздар мен жүйрік тұлпарлар келді.
Жорға жарыс, аламан бәйге, аударыспақ және қыз қуу. Осының барлығы ат жарысы маусымының жабылуына арналған шарада көпшілік назарына ұсынылды. Рамазан Сәлім – аударыспақ шебері. Тақымы тастай теріскейлік Шал ақын ауданынан келіп отыр. Ол финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырған. Тек ақтық сында командаласына жол берді.
РАМАЗАН СӘЛІМ, аударыспақшы, Шал ақын ауданы:
– Аударыспақтан спорт шеберіне үміткермін. Финалдағы қарсыласымды жақсы білемін. Маусымның ашылу, жабылу жарыстарына жыл сайын қатысамын.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 жарым млн теңге. Дүбірлі додада жұртшылықтың делебесін қоздырған 4 бәйге ұйымдастырылды. Ауқымды шараға өңірдің барлық аудандары мен көршілес Ақмола облысынан келген аттар пен шабандоздар қатысты.
САБЫРЖАН ӘБІЛДАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Аламан бәйгеге 16 ат, құнан бәйгеге 11 ат, ал жорға жарысқа 6 ат қатысты. Аудандарымызда да ат спорты белсенді дамуда. Уәлихандық, шалақындық және айыртаулық атбегілер белсенді қатысады.
Ең алдымен Жорға жарыс ұйымдастырылды. Ортаға желдей жүйрік 6 шабандоз шықты. Арасында бұрымдылар да бар. Жарыс қашықтығы – 1600 метр. Тартысты сайыста мәре сызығын бірінші болып тәжірибелі Евгений Чибисов кесті. Ал екінші орын уалихановтық Әлия Тоқтасыноваға бұйырды. Осыдан-ақ қазақ қыздарының қайсар және батыл екендігін ұғынуға болады.
ӘЛИЯ ТОҚТАСЫНОВА, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:
– Жорға жарыспен 1 жылдай айналысамын. Ал ат үстінде жүргеніме 15 жылдай болды. Бүгін жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Бірінші болып келмегеніме қынжылып тұрмын. Қарсыласым мәре сызығына 100 метр қалған кезде алдымды орап кетті. Бірақ, осының өзі зор жетістік деп ойлаймын. Енді келесі көктемдегі ат жарыс маусымының ашылуын асыға күтемін.
Арбаға жегілген тұлпарлардың да жарысы бәсі биік бәсекенің көркін қыздырды. Аталған сайысқа жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 4 шабандоз қатысты. Көрермен доданы сүйсіне тамашалауда. Кейбірімен тілдесіп те көрік едік. Олар ат жарысының келесі маусымын асыға күтетіндерін айтты.
– Ат жарыстарды көруге үнемі келіп отырамын. Аталған спортқа зор қолдау көрсетілсе деймін. Демалысымды жақсы өткізіп жатырмын деп айта аламын. Өкінішке орай, бүгін маусым жабылады. Көктемді асыға күтемін.
Дода соңында жүлдегерлер ақшалай сыйақы, кубок және медальдармен марапатталды.
Нұрасыл Ахмет