Солтүстік Қазақстан мен Ресейдің Омбы облысы – ежелден ауылы араласқан аймақтар. Арадағы тығыз байланыс тараптардың достығын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Экономикалық тұсқа зер салсақ, алыс-беріс көлемі жылдан-жылға артып жатқанын көреміз. Сандарға облыстық әкімдік қабырғасында губернатор Виталий Хоценко бастаған омбылық делегацияның қатысуымен өткен жиында өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Небәрі 5 жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының агроқұрылымдары Омбы облысынан 9 700 тонна элиталық тұқым сатып алды. Виталий Павловичтің сөзінше, биыл омбылық диқандар гектарынан 19 центнерден астам астық бастырған. Бұл – күллі Ресей бойынша жоғары көрсеткіш. Мұндай жетістікпен әріптесімді құттықтаймын. Ал өңіріміз бен тұтас Федерация арасындағы тауар айналымына келетін болсақ, алыс-беріс 1 жарым есеге ұлғайып, 624 млн АҚШ долларына жетті.
Болашақта бұл сандар біршама өзгереді. Қос өңір тың жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Петропавлға Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко 10 бағыт бойынша ұсыныс әзірлеп әкеліпті.
ВИТАЛИЙ ХОЦЕНКО, Омбы облысының губернаторы, РФ:
– Қараша айының соңында Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы өтеді. Сол айтулы шараға қос облысқа да тиімді жобалар дайындап жатырмыз. Ол әртүрлі бағытты қамтиды. Өндіріс, туризм, халықтардың достығы және жастардың өзара байланысы. Біздің компаниялар осында келіп, жұмыс істеуге даяр. Өскелең ұрпақтың екі арада қатынап, жиі кездескенін де қалаймыз. Сіздерді де инвестициялық ұсыныстармен Омбы қаласында күтеміз.
Кездесудің ресми бөлігі аяқталған соң, өңірлердің ынтымақтастығын одан әрі дамыту және нығайту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға да қол қойылды. Нақтылай кетсек, “Qyzyljar” АЭА мен «ДиборЭкспорт» компаниясы және Инвесторларға қызмет көрсету орталығы мен ресейлік «ЗМК МОСТ» ұйымы келісімге келді. Қос құжат аясында Петропавлда «Ауыл шаруашылығы техникасын жинау» және «Ірі инфрақұрылымдық құрылыстар салу үшін металл конструкцияларын өндіру» жобалары іске асады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Меморандумдарда көрсетілген жобалар жүзеге асады. Біз осыдан 4 ай бұрын Омбы облысында жұмыс сапарымен болдық. Сонда жобаларды бастан-аяқ талқыладық. Міне, құжаттарға ресми түрде қол қойылып отыр. Бұған қуануымыз қажет. Тараптар арасындағы тығыз байланыс биік белестерге жол ашып отыр.
ВИТАЛИЙ ХОЦЕНКО, Омбы облысының губернаторы, РФ:
– Солтүстік Қазақстан облысында инвесторлар құлшына жұмыс істеп жатыр. Қалталы азаматтарға тамаша жағдай жасалған. Инфрақұрылым тартылады, салық бойынша жеңілдіктер бар. Тек еңбек ету керек. «ЗМК МОСТ» – Ресейдегі ең ірі компаниялардың бірі. Өңірлеріңізге пайда әкелеріне сенімдімін. Сонымен қатар, бұл өңірлер арасындағы байланыстың бастамасы дегім келеді.
Саяси тұрғыда салмағы басым жиыннан соң аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Абай мен Пушкин ескерткішіне беттеді. Мұнда тараптар қос халықтың бойтұмарына айналған ақындардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоғын қойды.
Байболат Құлтанов