19 қазан – Құтқарушылар күні. Осыған орай Петропавлда салтанатты жиын өтті. Көктемде болған тасқынмен күресіп, өртпен арпалыста алдыңғы шепте жүретін жандардың еңбегі ерен. Төл мерекелерінде ержүрек азаматтар ерекше құрметке бөленді.
Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерін өңір жетекшісінің атынан мерекемен құттықтады.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Сіздер 30 жылға жуық азаматтардың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келесіздер. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз орасан. Күні-түні тіркелетін оқыс оқиғада өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, қызметтеріңізді адал атқарып жатырсыздар. Ел Конституциясында мемлекеттік биліктің басты міндеттерінің бірі – қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп жазылған. Бұл міндетті жүзеге асыруда азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің атқаратын рөлі айрықша.
Кейін бірқатар маңдайалды маман облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Ақжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімі мен Аққайың аудандық ТЖ бөліміне автоцистерна көлігі тарту етілді.
ҚУАНЫШ ЖАТВАЕВ, Ақжар ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– Бұл автоцистерна – біздің ауданға өте қолайлы және ыңғайлы көлік. Себебі, ол қолжетімсіз жерлерде, жолы нашар жерлерде оңай жүре алады.
Қуаныш Жатваев – білікті мамандардың бірі. Азаматтық қорғаныс саласында еңбек етіп келе жатқанына 15 жылға жуықтаған.
ҚУАНЫШ ЖАТВАЕВ, Ақжар ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– Мен өзімнің қызметімді Ақжар ауданында бастадым. 2010 жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтап, аталмыш ауданға қарауыл бастығы қызметіне келдім.
Жалпы, жергілікті және республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлар саласының автомобиль паркі биыл жаңа үш өрт сөндіру және 11 заманауи жедел-құтқару көлігімен толыққан. Қосымша моторлы қайықтар мен өрт сөндіруші киімдері де сатып алынған.
Мәдина Қаби