Білім

Тапқыр жастардың сайысы

IT-саласындағы ең үздік жобалар ұсынып жүрген солтүстікқазақстандық жастар жергілікті университет қабырғасында бас қосты. Бүгін еліміз бойынша бір уақытта мультилокациялық хакатон сайысы басталды. Ақыл-ой жарысына Қазақстанның 19 өңірінен 2 мыңнан астам қатысушы тіркелді. Олар екі күн бойы ең озық технологияларды көпшілік назарына ұсынатын болады. Байқау онлайн форматында өтіп жатыр.

НҮРГҮЛ БОЛАТОВА, “Astana Hub” өңірлік филиалының менеджері:

– Сайыс 2 күн бойы өтеді. Қатысушылар осы уақыт ішінде қазылар алқасының көңілінен шығатын жақсы жобалар ойлап табуы тиіс. Хакатонның мақсаты – жастарды бағдарламалық жасақтаманы тез әрі сыни тұрғыда әзірлеуге үйрету болып табылады. Аталған жарыс жастардың жарқын болашағына жол ашады. Себебі, көзге түскендері әлемдік компанияларға жұмысқа шақыртылуы мүмкін. Жалпы, хакатонға өңірімізден 25 команда қатысуда.

Қазылар алқасы қатысушыларға ақпараттық технологиялар саласындағы 3 міндет қойды. Олар: бағдарламалау тілін қолдану, қойылған міндеттердің жобалық шешімін жасау және өз жобаларын таныстыру. Сайыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда жастарға аяқ-астынан күрделі тапсырмалар беріледі. Олар сол кезде шатасып қалмай, өздеріне жүктелген міндетті тез әрі дұрыс орындаулары тиіс.

МИРАС ЗЕЙНУЛЛИН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ 2-ші курс студенті:

– Аталған сайысқа 1-ші рет қатысып отырмын. IT-саласына 10-шы сыныптан бері қызығамын. Менің ойымша, болашақта барлық жұмысты роботтар істейтін болады.

Хакатон, бұл – батыс елдерінен алынған тәжірибе. IT-технологиясын жақсы білетін жастарды іріктеп алуға септеседі. Аталған сайыс осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жүлде қоры 50 мың АҚШ долларын құрайды.

 

Нұрасыл Ахмет