ТКШ

Петропавл 2-ЖЭО-да 180 метрлік мұржа тұрғызылды

Қоғамның қызу талқысына түскен мәселеге нүкте қойылды. Петропавл екінші жылу электр орталығында жаңа мұржа тұрғызылды. Алыстан көзге түсер нысан қасындағы екеуінен биік. Оның биіктігі 180 метрді құрайды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “Севказэнерго” АҚ бас директоры:

– Мұржаның диаметрі 20 метрден асады. Ал қабырғасының қалыңдығы 2,8 метрді құрайды. Жалпы салмағы 15 мың тоннадан асып жығылады. Сыртқы жұмыстардың барлығын аяқтадық. Келесі жылдың сәуір айынан бастап техникалық жұмыстармен айналысамыз.

Көпшілік біледі, маңызды іс шілде айының соңында басталды. Жауапты жұмыспен өскемендік “КазтеплоСПЕЦСТРОЙ” серіктестігі айналысқан. Жоба құны – 2 млрд теңге. Мұржа келесі жылдың қыркүйегінде іске қосылады.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “Севказэнерго” АҚ бас директоры:

– Мұржаны тұрғызу 73 күнге созылды. Жұмыс сапалы жүргізілді деп айта аламын. Маңызды іс басталған уақыттан барлығын жіті қадағаладық. Алда әлі шаруа тұр. Біз биыл бағдаршам аумағын әзірлеу, мұржаның басына қорғаныс қалпағын қою, дыбыстық жарықтандыру және найзағайдан қорғау жүйесін орнауымыз қажет. Келесі жылы да тындыратын жұмыс баршылық.

Бұл мұржа іске қосылғаннан кейін 2026 жылы екі мұржаның бірі бұзылып, жаңасы салынбақ. Айта кету керек, ауқымды нысанды акционерлік қоғам өз қаражатына салуда.

 

Нұрасыл Ахмет