Қазақстанда кәсіби отбасы институты құрылады. Ұйым 2025 жылы жұмысын бастамақ. Жаңашылдық жайлы Достық үйінде өткен жиында кеңінен айтылды. Маңызды шараны “Ана үйі” қоғамдық қорының өкілдері ұйымдастырып отыр. Олар ұл-қыздардың тұрмысына, білім алуына қатысы бар жауапты тұлғаларға мән-жайды бастан-аяқ түсіндірді. Қойылған сұрақтарға жауап берді. Шақырылған қонақтар тарапынан ұсынысты да тыңдады. Жерлестеріміз отбасыларға қабылданатын балалардың құжаттары бөлек архивте сақталғанын қалайды. Бұл болашақта жастарға жақындарын табуға көмектеспек.
НАТАЛЬЯ ГУЛЬКИНА, “Ана үйі” қоғамдық қорының аймақтық психологы:
– Кәсіби отбасы – түрлі жағдайға байланысты ата-ана қарауынсыз қалған баланың белгілі бір уақыт тұратын жері. Жаңашылдықтың екі түрі болады. Біріншісі – қысқа мерзімді жанұя. Оның уақыты 72 сағатты құрайды. Бұл уақытта арнайы қызметтер мен органдар ұл-қыздардың туыстарын іздейді. Егер ешкім табылмаса, бала белгілі бір отбасыға 3 айға орналастырылады. Осы кезеңде жақыны табылмаса, әлгі бала 6 айдан кәмелетке толғанға дейін сол үйде тұруы мүмкін.
Байболат Құлтанов