Жазылмас дерттің қалай алдын алуға болады? Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан қорғану жайлы әңгіме қозғалды. Емі жоқ аурудың салдары неге әкеп соғатыны жайлы айтылды.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Іс-шараны арнайы жастар үшін ұйымдастырып отырмыз. Мұнда олардың өздері болмаса да ұстаздары шақыртылған. Спикерлер ретінде ЖИТС орталығының дәрігерлері мен полицейлері келді. Жастар инфекцияның қандай қауіп әкелетінін ұғынуы қажет.
Жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы – ең қауіпті инфекцияның бірі. Әлі күнге дейін емі табылмаған дерт кез келген жанға жұғып, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл – бүкіләлемдік проблема деп айтуға толық негіз бар. Облыстық ЖИТС дәрігерлерінің сөзінше, облысымызда СПИД-ке шалдығу деңгейі төмендеген. Жалпы, өңірде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың саны 1 мыңнан асады. Оның 10-ы – бала.
РАУШАН ЕСЕРКЕНОВА, облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес жөніндегі орталығының дәрігері:
– Вирус ағзаға қан арқылы таралады, ал нәрестеге ана сүті арқылы беріледі. Жыныстық жол арқылы да жұқтырып жатқандар аз емес. Дертті көбінесе нашаға тәуелді жандар таратады. Биылғы жылы өңірімізде инфекция жұқтырғандардың саны 90-нан асады. Біз ол жандарға тиісті көмек көрсетеміз. Әрине, аурудың емі жоқ. Бірақ, оны төмен деңгейде ұстап тұруға болады. Ол үшін барынша таза болып, жеке гигиеналық заттарды қолдану қажет.
Басқосуға қала мектептері мен колледждерінің әлеуметтік педагогтері қатысты. Білікті мамандар оларға ғасыр дертінің алдын алу бойынша ақыл-кеңес берді. Ұстаздар семинардан алған мағлұматтарын өздері оқытып жатқан жастарға жеткізетіндігін айтты.
СВЕТЛАНА МҰСТАФИНА, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің әлеуметтік педагогы:
– Бүгін біршама мағлұмат алдық. Енді өзім сабақ беретін колледжде алған мағлұматтарымды пайдалана отырып, сынып сағаттарын өткіземін. ЖИТС-тің алдын алу мақсатында колледжде ай сайын түрлі іс-шаралар өтеді.
Аталған вирус көбінесе нашаны қабылдау арқылы жұғатындықтан, жастарға есірткіге мүлдем жоламау керектігі айтылды. Айта кету керек, жыл басынан өңір полицейлері 205 есірткі құқықбұзушылығын анықтады. Нәтижесінде 700-ден астам түрлі заңсыз зат тәркіленіп, 75 азамат жауапқа тартылды.