Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда ағашты терең өңдейтін зауыт іске қосылды

Әжептәуір жерді алып жатқан мына ғимарат осыдан 1 жарым жыл бұрын өте сұрықсыз күйде еді. Ал қазір қараған көзді сүйсіндіреді. Ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгеріс түрік инвесторының арқасында орын алды. Ол 8 млрд теңге қаржы құйып, нысандарды ағашты терең өңдейтін зауытқа айналдырды.

Жылына 50 мың текше метрге дейін өнім шығаратын зауыт Республика күні қарсаңында ашылып отыр. Оның жұмысымен ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

ОГУЗХАН ЧЕЛИК, “Nord Panels” ЖШС директоры:

– Шетелдік қондырғылармен қамтылған зауыт ұжымы биік белестерді бағындыруға ниетті. Солтүстік Қазақстанда жасалған өнім экспортталады. Теріскейлік тауарға шекара сыртындағы елдер қызығып отыр.

ОГУЗХАН ЧЕЛИК, “Nord Panels” ЖШС директоры:

– Өнім Европаға экспортталатын болады. 1 айдың ішінде сатуды бастаймыз.

Кәсіпкер атап өткендей, ауқымды жоба “DAMU” қорының қолдауымен жүзеге асты. Аталған қаржы ұйымы рәсімделген несиені субсидиялаған. Соның нәтижесінде қарыз 8%-бен беріліпті.

ГҮЛБАРШЫН ДӘУЛЕТБАЕВА, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Ағымдағы жылы «DAMU» қоры субсидиялау бойынша 14,7 млрд теңгенің 309 жобасын қолдады. Сондай-ақ, кепілдік бойынша 17,7 млрд теңгенің 306 жобасын мақұлдады. Кепілдік көлемі 13,1 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде жаңа кәсіпорындарды ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл зауыт бірегей дегім келеді, мұнда кластерлік өндіріс қолға алынған. Біз жұмысқа құштар жандарды қабылдауға әрдайым дайынбыз.

Зауыттың ашылуымен 300 адам жұмысқа орналасады. Қазір жаңа кәсіпорында қатарға бұған дейін қосылған жерлестеріміз еңбек етуде. Арасында өңірімізге қоныс аударған жандар да бар.

НҰРТІЛЕУ ҚАДЫРОВ, “Nord Panels” ЖШС қызметкері:

– 2021 жылы Петропавлға келдім, азаматтық алдым. 3 жылдың ішінде үй алдым. Зауыттағы техника жаңа. Өте сапалы.

Ермек Маржықпаев пен Ғауез Нұрмұхамбетов зауытты аралап шықты. Танысу барысында Үкімет басшысының кеңесшісіне өзге де жобалар жайлы айтылды.

Ермек Маржықпаев жобаларға жоғары бағасын берді және теріскейлік сала өкілдеріне сәттілік тіледі.

 

Байболат Құлтанов