Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 9 айда біраз былықтың бетін ашты. Қанша назар аударылса да мемлекеттік сатып алу саласында тәртіп орнамай тұр. Бұлай сенімді сөйлеуге тіркеліп жатқан фактілер дәлел. Мысалы, түсініксіз жайттың бірі көпке үлгі болуы тиіс Петропавл қалалық әкімдігінде орын алды. Мұндағы мамандар бақандай 34 млн теңгеге бауырға арналған дәрі алмақ болған. Көлемі тіпті бас шайқатады. Олар электрондық базада 8 емес, одан 10 есе көп тоннаны көрсетіпті.
АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Себебін біз де түсіне алмай қойдық. Мемлекеттік сатып алумен айналысқан маман жұмыстан шығып кеткен. Мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.
Қазіргі қоғамда келісімшартқа аса мән бермейтін де мемлекеттік ұйымдар бар. Олардың кейбірі кепілдікке көз жұма қарайды екен.
АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Кейбір құжаттарда кепілдік бөлімі жоқ. Егер жол дұрыс жасалмаса, ертең мемлекеттік орган мердігерді сотқа бере алмайды. Біз осыны алға тартып, ұсыныс енгіздік.
Сонымен қатар, өңірімізде 1 техникалық бақылаушының ондаған жол учаскесінде танысу, тексеру жұмысымен айналысқаны анықталыпты. “Маман бәріне қалай үлгерген? Сапа сын көтере ме?” деген сұрақтар автоматты түрде туындайды. Департамент осы тұрғыда да ұсыныс білдірмек.
Байболат Құлтанов