Осыдан он күн бұрын ғана 11-ші сынып оқушылары арасында пәндік олимпиаданың 1-ші кезеңі өткен болатын. Бүгін көптен күткен сайыстың екінші кезеңі жалғасын тапты. Оған 166 баланың ішінен 20-сы ғана іріктеліп алынған. Қаншама ұл-қыздың ішінен таңдалып алынған таланттың бірі – Жамбыл ауданынан келген Яна Шихова.
ЯНА ШИХОВА, П.Шухов атындағы Пресновка орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:
– Мен бірінші кезеңде 20 ұпай жинадым. Бірақ, екінші кезеңге өтемін деген үміт болған жоқ. Комиссия жауабын естіген сәтте қатты қуандым. Себебі, екінші кезеңге өту кез келген оқушының қолынан келе бермейді. Болашақта мен инженер атанғым келеді. Сондықтан, физика-математика бағытын таңдап отырмын. Бүгінгі сайыста жеңіске жетемін деп ойлаймын.
Алдыңғы кезеңде орындаған тапсырмалардан гөрі бұл жолғысы екі есе қиындау. Бақылау қатты. Барлығы компьютер арқылы тапсырылып, қадағаланады.
ҒАЛИЯ ТӘШІБАЕВА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының бөлім басшысы:
– Балалар 4 пән бойынша тест тапсырады. Олар: математика-жаратылыстану бағытындағы, яғни математика, физика, биология, химия пәндері. Оқушылар 25 минут бойы тест тапсырады және 45 минут эссе жазады. Сұрақтар жеңіл емес. Шешуші сәт болғандықтан қиындау.
Іріктеуде оза шапқан 8 бала 30-шы қараша күні Астана қаласында өтетін республикалық сайыста бақ сынайды.
Мәдина Қаби