Қоғам

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Сыбайлас жемқорлық – еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі. Бармақ басты, көз қыстылық әрекеттердің тамырына балта шабу үшін жаңа стратегия құру қажет. Бүгін Достық үйінде облыстық қазынашылық департаментінің мамандары мемлекеттік қаржыны басқару кезінде сапаны жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру тақырыбында кеңес өткізді. Оған уәкілетті органдардың қызметкерлері қатысты.

АСҚАП САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы:

– Тақырып өте маңызды. Сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және елдің жалпы дамуына қауіп-қатер төндіреді. Қазір парақорлыққа жол беретін атқамінерлер азайған. Бюджеттің игерілуін біз жіті бақылаймыз.

Айта кету керек, биыл ҚР қазынашылық жүйесіне 30 жыл толып отыр. Білікті мамандар осы уақытқа дейін елдің дамуына сүбелі үлес қосқан. Қызметкерлер күніне 2 жарым мың қаржылық құжат өңдейді. Асқап Сақыпкереевтің сөзінше, ел бюджетін тиімді атқару – басты міндет.

АСҚАП САҚЫПКЕРЕЕВ, СҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы:

– Осы сияқты жиындарды өткізу аса маңызды. Басқосулар арқылы өңіріміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз. Біз барлық деңгейдегі бюджеттік іс-әрекеттердің орындалуын қатаң бақылаймыз. Уәкілетті орган басшыларымен жиі кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Жиынға барлығы – 90-ға жуық адам қатысты. Айта кету керек, өңір бойынша қазынашылық қызмет саласында 100-ден астам адам жұмыс істейді.

 

Нұрасыл Ахмет