2024 жылдың 1-ші қаңтарындағы жағдай бойынша өңірде жайылымдық жерлерге деген қажеттілік 763 мың гектарды құраған. Ал қолда бар жайылым аумағы 820 мың гектардан асады.
Бұл дерек ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жеке шаруашылықтардағы мал басы бойынша жүргізілген талдауы негізінде берілген. Облыста шамамен 2 жылдың ішінде мемлекет меншігіне пайдаланылмаған 621 мың гектардан астам жер қайтарылған. Оның 100 мыңнан көп бөлігі егістік болса, қалғаны – жайылымдық жерлер. «Жер аманаты» комиссиясының отырысы барысында бейінді басқарма басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов бұл жерлердің 387,6 мың гектары қайта бөлінгенін атап өтті.
ЖАЛҒАС СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– Мал жаюға 171,7 мың гектар жер телімі қарастырылса, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтарға 215,9 мың гектар берілді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1-ші қаңтарына дейін облыс бойынша жеке шаруашылықтар үшін жайылымдық жер тапшылығы мәселесі туындап отырған жоқ.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, заңсыз берілген жерлер де мемлекет меншігіне қайтарылады. Бағылатын мал басы жүктеменің 50 пайызынан аз болса, жайылым мақсатты пайдаланылмаған болып саналады екен.
Данаш Хамза