Қоғам

Петропавлда ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған мектеп-интернат ашылды

Петропавлдың “Береке” ықшам ауданында бүгін де мереке. Мұнда ызғарлы күздің шуақты күнінде №2 арнайы мектеп-интернат ашылғалы отыр. Әлеуметтік маңызды нысанда ерекше білімді қажет ететін солтүстікқазақстандық балалар тәлім алатын болады. Нақтырақ айтсақ, алдағы бірер аптада қаланың орталығындағы ескі ғимаратта оқитын ұл-қыздар осында көшіріледі.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қазір ол интернатта 200-ге жуық бала оқып жатыр. Екінші тоқсаннан бастап осында көшіріледі. Мекемені жабдықтауға жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлінді.

Еңселі ғимарат 300 орынға шақталған. Аудандардан келетін балалар үшін 50 адамдық жатын корпусы да бар. Мұндай оқу ұясы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғызылды. Президент пәрменінен соң “Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан” қомақты қаржы бөлінді.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Балалардың дамуына жан-жақты көмектесетін зертханалар алынып жатыр. Бұл жерде білім алған балалар болашақта колледждерде оқи алады. Ұстаздар білікті. Арнайы білімі бар мамандар жиналған.

№2 арнайы мектеп-интернатымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина танысты. Төменгі қабатта ағаш шеберханасы мен ара шаруашылығы, тігін және өсімдік өсіру кабинеттері бар.

Заманауи қондырғылар көзге оттай басылады. Меймандар осылардың бәрімен танысты. Интернат, асхана мен спорт залды да көрді.

АРТЕМ БЕЛОНОГОВ, №2 арнайы мектеп-интернатының директоры:

– Ескі ғимаратта спорт залымыз жоқ. Ал мына жерде кең, жарық, биік зал бар. Кабинеттер жеткілікті. Осының арқасында тек бір ауысымда жұмыс істейтін боламыз. Маман жеткілікті. Балалармен 72 ұстаз бен 20 тәрбиеші жұмыс істейді. Интернатқа аудандардан келетін балалар қабылданады. Егер орын қалып жатса, шаһардың шеткері орналасқан аудандарындағы ұл-қыздарды да қабылдаймыз.

№2 арнайы мектеп-интернат қолдаусыз қалмайды. Тілдесу барысында облыс әкімі алдағы уақытта да көмек көрсетілетінін айтты.

Бүгін жаңа ғимаратпен ардагер ұстаздар да танысты. Солардың арасында №2 арнайы мектеп-интернатының бұрынғы директоры Ризабек Какпенов та бар.

РИЗАБЕК КАКПЕНОВ, педагогикалық еңбек ардагері:

– Өте қуаныштымыз. Ұстаздар да, ата-аналар да қуанышты. Бұрынғымен салыстыруға келмейді.

Ата-аналар да қуанышты. Олар балаларының жақсы жағдайда білім алатындарына дән риза.

ЕВГЕНИЯ БОЙКО, ата-ана:

– Мен – ерекше бала тәрбиелеп отырған анамын. Балам 7-ші сыныпта оқиды. Мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған екен. Сынаптарды көріп көзіме жас та келді. Өте ризамыз. Президентке, аймақ басшылығына алғысымыз шексіз.

Интернаттың автокөлігі әбен ескіріпті. Ашылу салтанаты соңында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов оқу ошағының директорына “Газель” көлігінің кілтін табыс етті. Қоса кетейік, өңірде 5 мыңға жуық бала ерекше білімді қажет етеді. Соның ішіндегі 1 мыңға жуығы – әртүрлі топтағы мүгедек ұл-қыздар.

 

Байболат Құлтанов