Балалар

Оқушылар арасында интеллектуалды сайыс өтті

“Менің шағын Отаным”. Бүгін Петропавлда осындай атаумен 9-10 сынып оқушылары арасында интеллектуалды сайыс өтті.
Білім додасы үш кезеңнен тұрады. Біріншісінде балалар тест тапсырса, екіншісінде туған жерлерінің болашағы бейнеленген дайын макеттерін көрсетеді, үшіншісінде эссе жазады.

Диас Меделбеков Ақжар ауданындағы Талшық ауылынан келіп отыр. Жеткіншекті туған ауылының келешегі алаңдатады. Айтуынша, елді мекенде 3 жарым мыңнан астам адам тұрады. Ауылды дамытуға септесетін жастар аз дейді.

ДИАС МЕДЕЛБЕКОВ, Талшық орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Қазіргі бізді ауылдың басты мәселесі, ол – жастардың қалаға кетуі және оларға ауылда жұмыс орындары жетіспейді. Осының барлығын қалпына келтіру үшін өзімнің ауылыма көптеген жұмыс орындарын жасап, кәсіпорындардың дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

Жалынды жастың пікірінше, ауылды жерде экофермалар мен зауыттар көп тұрғызылуы қажет. Сонда тұрақты әрі табысы мол жұмыс болады, ауыл дамиды, нәтижесінде халық та қалаға көшпейді.

ДИАС МЕДЕЛБЕКОВ, Талшық орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Бірнеше экофермалар, зауыттарды салдым макетіме. Мысалы, кірпіш, асфальт зауыттарын тұрғызғым келеді.

Сайыс өңірде дәстүрлі түрде 7-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. Дүбірлі додаға облыстың түкпір-түкпірінен 60-қа жуық ұл-қыз қатысты. Қуантарлығы, қатысушылардың саны жылдан-жылға артуда. Оның 80 пайызы – ауыл балалары.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Байқаудың мақсаты – Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан дарынды оқушыларды анықтау, сондай-ақ, патриотизм мен өз өлкесіне деген азаматтық сезімдерді дамытуға ықпал ету.

Білімді жастың арасынан 4 бала таңдалып алынады. Олар қазан айының соңында Өскемен қаласында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайды.

 

Мәдина Қаби