Шапшаңдық пен дәлдік сыналатын сайыс. Кеше облыс орталығында волейболдан әйелдер арасындағы ҚР Кубогы бастау алды. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 8 команда қатысуда.
ИРИНА ҚАБЫЛБЕКОВА, жарыстың бас төрешісі:
– Аталған жарыста жеңімпаз атанған команда ел намысын клубтар арасындағы Азия чемпионатында қорғайтын болады. Фаворит ретінде 2 құраманы айтуға болады. Олар: жергілікті және шығысқазақстандық команда. Құрамаларды 2 топқа бөлдік. Әр топтан 2 команда жартылай финалға шығады. Ал финал 21-ші қазан күні өтеді.
Алғашқы болып алаңға “Қуаныш” пен “Ақтөбе” құрамалары шығады. Екі команда да дүбірлі додаға тыңғылықты дайындықпен келген.
ЖАНСЕЙІТ ҚИЫҚОВ, “Ақтөбе” ВК директоры:
– Аталған республикалық сайысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Жарысқа шілде айынан бастап дайындалдық. Құрама сапында легионерлер жоқ.
Міне, көптен күткен дүбірлі дода да басталды. Жергілікті команда бірден қарсыласынан бір бас жоғары екендігін көрсетті. “Қуаныш” волейбол құрамасы ойын бастала салысымен бірден шабуылға лап қойды. Тиісінше, бірінші кезеңде айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Солтүстікқазақстандық көрермендер де волейбол додасын сағынып қалған. Жарты жылдан кейін оралған ала доп додасын тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы қалың.
Қалған партияларда қонақтар барын салып, алаң иелеріне қарсылық көрсетті. Бірақ, жергілікті команда есепті еселеп, ақтөбеліктердің соққылар жасауына еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, үш кезеңде де басымдыққа ие болған “Қуаныш” ВК жеңіс төрінен көрінді. Есеп 3:0.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов жергілікті команданың биылғы жылы биік шыңдардан көрінетініне сенімі мол екенін жеткізді.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “Қуаныш” ВК өткен жылғы ҚР кубогының жеңімпазы болып саналады. Клубтық Азия чемпионатынында да ел намысын абыроймен қорғады. Былтырғы жылы ел чемпионатында тұғырдың биік сатысына сынық сүйем жетпей қалып, 3-ші орынға тұрақтаған болатын. Қыздарға қарап бой түзеген көптеген жастар волейболға қызушылықтарын танытуда. Жалпы, өңірімізде аталған спорт түрімен айналысам дейтін жеткіншектер көп.
Жергілікті құрама келесі ойынын бүгін кешке өскемендік “Берел” командасымен өткізеді.
Нұрасыл Ахмет