“Мен жастарға сенемін” деп жырлаған ақиық ақын Мағжан Жұмабаев атындағы көшеде сәулетті студенттер үйі бой көтерді. 1200 орындық су жаңа қос жатақхана Қозыбаев университетіне қарайды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі айтулы шарамен жиналғандарды құттықтап, жастарға жылы лебізін білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жоғары білім беру орнында оқитын жастарды жатақханамен қамту – Мемлекет басшысының 2022 жылдағы Жолдауында айтылған маңызды мәселе. Аталған түйткіл шешіліп келеді. Соның бір дәлелі – Петропавлда ашылып жатқан су жаңа студенттер үйі.
Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов жатақхананың ашылғандығын айғақтайтын кілтті университет ректоры Ербол Исақаевқа табыстады.
Айтулы шараға Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан да қатысты. Ол жергілікті университет еліміздегі іргелі жоғары оқу орны екендігін атап өтті.
АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
– Қазіргі таңда елімізде 600 мыңға жуық жас университеттерде білім алады. Біз оларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.
Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі ғимаратпен танысты. Заманауи нысанға оң бағасын берді. Ғауез Торсанұлына университет оқытушылары болашақта қолға алынатын жобаларды баян етті.
Студенттер үйінде тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Ішін араласаң, құдды қонақ үйде жүргендейсің. Жатақхана соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған. Мұнда студенттерге арналған коворкинг аймағы, асхана мен спорт залы бар. Қос ғимараттың жалпы ауданы – 27 мың шаршы метрді құрайды.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев СҚУ Ректоры-Басқарма төрағасы:
– Құрылыс 2020 жылы басталған. Маңызды іспен жергілікті серіктестік айналысты. Жұмыс жіті бақылауда болды. Бәрі сапалы жасалды. Қазіргі таңда біздің университетте жатақхана жетіспеушілігі мәселесі жоқ деп айта аламын. Аталған нысан оқу орнымыздың еліміздегі мықты университеттерінің қатарына қосылуына ықпал етеді. Келесі жылы Қозыбаев университетіне көп түлек түседі деген сенімдемін.
Студенттер үйінде екі және үш төсек-орындық бөлмелер бар. Әр бөлменің іші кең. Жатақхана кір жуғыш және кептіргіш заттарымен, электр плиталарымен, тоңазытқыштармен және микротолқынды пештермен жабдықталған. Жастарға арналған демалыс орындары және медициналық кабинетпен де қамтамасыз етілген. Студенттердің қуанышында шек жоқ.
ӘМІР АҒЗАМОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ 3-ші курс студенті:
– Өзім петропавлдық болсам да осы жатақханада тұрғым келеді. Студенттер үйінің ішін аралап шығып, таңқалып отырмын. Дизайны да ерекше. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маған өте ұнады. Артымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма Қозыбаев университетіне оқуға түсіңдер деп кеңес беретін боламын. Себебі, мұнда барлық жағдай жасалған. Жап-жаңа корпусымыз да бар. Мен аталған оқу орнында білім алып жатқаныма еш өкінбеймін.
Ректордың айтуынша, студенттер үйі – еліміздегі тиімді жағдай жасалған үздік жатақханалардың бірі. Айта кету керек, Қозыбаев университетінде бүгінде 6 мыңнан астам студент білім алады.
Нұрасыл Ахмет