Экология

Волонтерлер бір саябақтан 400 келіден астам қоқыс жинады

Өңірде қар жауса да экологиялық акциялар жалғасуда. Кезекті тазалық шарасы Бөкетов пен Интернационал көшелері аралығында орналасқан саябақта өтті. Бұл маңда адам көп жүреді. Кейбіреуі қолындағы қоқысты жәшікке емес, жерге тастай салуы мүмкін. Сөйтіп, саябақтың көркін қашырады, қалаға қыдырып келген қонақтың ойында кереғар пікір қалыптастыруға әсер етеді. Жерге тасталған дүние жинала келе үйіндіге де айналады. Қалада қоқыспен күресіп жүрген жастар бүгін тағы бір тазалық шарасын ұйымдастырып жіберді.

КРИСТИНА ЯРМОЛЮК, волонтер:

– Осындай тазалық акциясы қоқыс жинаған адамға ғана емес, бүкіл қала тұрғындары үшін пайдалы. Айналаны таза ұстау кез келген адамның қолынан келеді. Бастысы, тазалықты өзіңнен бастау керек. Қоқысты шашпасаң, оны жинаудың да қажеттілігі туындамайды. Волонтерлікке бет бұрғаныма 2-ші жыл. Тазалық жаршысы ретінде өзгеге үлгі болғым келеді.

Біреуінің қолында сыпырғыш болса, екіншісінің қолында тырнауыш. Ал үшіншісі жиналған қоқысты қапқа салып жатыр. Қалдық полигонға апарып төгіледі. Жастар аз уақыттың ішінде аумақты тап-таза етті. Қоғамға пайда әкелер мұндай акция әлі де жалғасын табады. Ұл-қыздар қыс мезгілінде қар күреуге шықпақшы.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– “Қар жауды, қандай тазалық акциясы”? деген сұрақтар қойылды. Иә, қар жауды. Бірақ, қоқыс көрініп жатыр. Соларды жинауға шықтық.

Қос көшенің аралығындағы шағын саябақты 30-ға жуық ұл-қыз ретке келтірді. Олар 400 келіден астам қоқыс жинады.

 

Мәдина Қаби