Спорт

Облыс орталығында жаңа үстел теннисі орталығы ашылды

Шаһарымызда көз тартар тағы бір ғимарат пайда болды. Петропавлда барлық әлемдік стандарттарға сай келетін үстел теннисі орталығы ашылды. Салтанатты шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, заманауи ғимараттың таспасын қиды. Облыс әкімі жиналған көпшілікті құттықтап, спортшыларға жарқын жеңіс тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда өңірімізде 50 мыңға жуық бала тегін секцияларға барады. Ал бүгінгі үстел теннисі орталығының ашылуы облысымызда спортты насихаттауға зор септігін тигізеді.

Салтанатты жиынға Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепичина да қатысты. Бүгін таспасы қиылып, спортшылар игілігіне берілген нысанда алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі сайыстарды да өткізуге алады. Дәл осы салаға облысымызда айрықша көңіл бөлінуде. Соның тағы бір дәлелі – өңір жетекшісі Ғауез Торсанұлы үстел теннисі бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебіне су жаңа “Газельдің” кілтін берді.

Салтанатты шарадан кейін өңір жетекшісі жас спортшылармен бақ сынасты. Жеткіншіктерге алдағы болатын байрақты бәсекелерде өңір намысын абыроймен қорғауға сенім білдірді.

Содан соң Ғауез Нұрмұхамбетов ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысты. Заманауи нысанға оң бағасын берді.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Орталық 24 теннис үстелімен жабдықталған. Залда көрермендерге арналған 430 орын бар. Ал салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғысы келетін жастар үшін мұнда бәрі тегін.

Үстел теннисінің құрылысы ағымдағы жылдың басында басталған. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Ғимарат 8 айдың ішінде бой көтерді.

ИРИНА ПЮРКО, үстел теннисі бойынша дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің басшысы:

– Аталған нысан – еліміздегі барлық әлемдік стандарттарға сай келетін 10-шы үстел теннисі орталығы. Ғимарат құрылысымен жергілікті серіктестік айналысты. Өте сапалы салынған орталық деп айта аламын. Себебі, біз құрылыс барысын жіті бақыладық. Бұл нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға зор мүмкіндік береді. Мұнда спортшылар жыл он екі ай дайындала алады. Облысымызда үстел теннисі қарқынды дамуда. Мына жастардың арасында ел құрамасының мүшелері де бар. Алдағы уақытта олардың арасынан Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары шығады деген ойдамын.

Ал спорт ардагерлері өңірімізде болып жатқан оң өзгерістерге дән риза.

ВИКТОР БОНДАРЕНКО, спорт саласының ардагері:

– Үстел теннисімен айналысып жатқан мына жастардың көптігі көңіл қуантады. Біздің кезімізде мұндай жағдай болмады. Жоқтан бар жасап, түрлі жарыстарда жеңімпаз атанатынбыз. Болашақ – жастардың қолында. Егер біз кішкентайларды осы сәттен бастап қолдамасақ көшке ілесу қиын болады. Алдағы уақыттан өңірімізден Кирилл Герасименко сынды атақты теннисшілер шығады деген ойдамын.

Орталықтың ашылу салтанатына орай бүгін мұнда үстел теннисінен облыс чемпионаты өтуде. Жарысқа қала және 6 ауданнан келген 84 спортшы қатысуда.

ҚАНАТ БАСЕНОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Үстел теннисімен 6 жылдан бері айналысамын. Аталған орталықтың ашылуын көп күттім. Болашақта ҚР чемпионы болып, олимпиада шыңын бағындырғым келеді.

Айта кету керек, атақты теннисші Кирилл Герасименконың ізбасарлары 3 күн бойы сайысатын болады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері өңір намысын Қазақстан чемпионатында қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет