Жаңа ауданда – жаңа балабақша. Бүгін “Бірлік” ықшам ауданының тұрғындары үшін үлкен мереке. Мұнда бөбекжай балақайлар үшін есігін айқара ашты. Нысан аз уақыттың ішінде бой көтерді. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Құрылыс жұмыстарымен жергілікті компания айналысты. Сапалы салынғаны көрініп тұр. Материалдар тиісті стандартқа сай. Құрылыс барысын жіті қадағаладық. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін салу – Үкімет қолға алып отырған басты жобалардың бірі. Мемлекет басшысы да зор қолдау көрсетуде. Айта кетейін, бүгінде облыс орталығында 49 балабақша жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Айтулы шараға Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина арнайы келіпті. Ол нысанның маңыздылығына тоқталды.
Жаңа, заманауи балабақша – мемлекеттің өз халқына қамқорлығының үлгісі. Осы ретте аудан тұрғыны Наталья Прохорова ата-аналардың атынан ризашылығын білдірді.
НАТАЛЬЯ ПРОХОРОВА, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:
– Сіздердің арқаларыңызда біз балаларымыздың болашағына сеніммен қарай аламыз. Олар үшін барлық жағдайды жасаудасыздар. Балабақшада білікті мамандар жұмыс істейді. Мұндай мамандар біздің балаларымызға сапалы білім мен тәрбие береді.
Шағын аудан тұрғындары балабақшаның ашылуын асыға күтті. Маргарита Раевская екі бала тәрбиелеп отыр. Балабақшаға нәзікжандының үш жасар қызы Радмила барады.
МАРГАРИТА РАЕВСКАЯ, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:
– Жаңа ауданға отбасымызбен тамыз айының соңында көштік. Президентімізге, облыс әкіміне бізді қолдаусыз қалдырмай үй бергені үшін алғысым шексіз. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қызымды жаңа балабақшаға беретініме қуаныштымын. Нысанды аралап көрдім. Іші кең, өте әдемі. Аталған елді мекенде тұрып жатқаныма еш өкінбеймін.
Таспасы қиылған су жаңа балабақшада 90 бала білім ала алады. Қазірдің өзінде 40 ата-ана өтініш берген.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Балалар мұнда жас ерекшелігі бойын 4 топта білім алады. Мекемеде керектінің бәрі бар. Кадр жетіспеушілігі жоқ.
Айта кету керек, аталған ауданда алдағы уақытта түрлі нысандар бой көтеріп, мұндағы тұрғындарға бар жағдай жасалатын болады.
Нұрасыл Ахмет