БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бүгін облыс орталығының “Береке” ықшам ауданында да ақ түйенің қарны жарылды деуге толық негіз бар. Ықшам ауданда заманауи спорт орталығы ашылғалы отыр. Бұл күнді осы жердің халқы ұзақ күтті. Тарихи сәттің куәсі болу үшін орталыққа жиналып жатыр.
Сәні мен сәулеті жарасқан жаңа орталық волейбол, бокс және күрес залдарынан тұрады. Жаттығу жасау орны мен шағын асхана да бар. Сыры әлі кеппеген нысанда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина болды. “Қуаныш” клубының кіші тобы шеберлік шыңдауға кірісіп кетіпті. Болашақта бұл қыздар көпке танымал әпкелерінің ізін баспақ.
Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ольга Перепечина жастарды орталықтың ашылуымен құттықтады, ізгі тілектерін де білдірді. Өз кезегінде қыздар жасалған жағдай үшін алғыс білдірді.
Ал мына залда білекті де жүректі балалар жаттығып жатыр. Шымыр палуандар шалт қимылдап, шапшаң әдіс жасайды. Оларға артылған сенім мол.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Палуандардың да залы кең. Мұндай жерде тек тер төгу қажет.
АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, «Қызылжар Арландары» спорт клубының директоры:
– Қазақ күресі, еркін күрес және грек-рим күресі бар. Кілемнің сапасы жоғары.
Алдағы уақытта Жәнібек сияқты жеңілмейтін боксшылар Берекеден шығуы мүмкін. Орталықтағы бокс үйірмесі ашыла сала қолына қолғап киюге құмар бірсыпыра баладан өтініш түсіпті.
Спорт орталығының артына жаттығу жасауға арналған дүниелер қойылған. Мұнда спортшылар да, тұрғындар да уақыттарын тиімді өткізеді. Шағын футбол алаңы да тұрғызылды. Заманауи төсеніш төселді. Айта кету қажет, болашақта бұл орталықта велоспортшылар бөлімшесі де ашылуы мүмкін. Аға буын өкілдері қуаныштарын жасыра алмады.
ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, СҚО құрметті азаматы:
– 1962 жылдан бастап қалада тұрамын. Көп нәрсе өзгерді. Біздің кезде 1 зал ғана болды. Қазір оқушыларға барлық жағдай жасалған. Тек балаларда ынта болу керек.
Бүгін берекеліктердің де төбесі көкке жетті. Бірсыпыра жан нысанға кіріп, жасалған жағдаймен танысты. Енді олар балаларын орталыққа апармайды. Өздері де серуендейтін жер іздемейді.
– 5-6 үлкен кісіміз бар. Жаттығу жасаймыз. Бәрі жақсы.
– Осы кешенің қызығын көрейік. Бәріне жақсылық тілеймін.
Байболат Құлтанов