Елімізде “Таза Қазақстан” акциясы жалғасып жатыр. Сәуір айында бастау алған жалпыреспубликалық шара мыңдаған адамның басын біріктірді. Нәтижесінде ауқымды жұмыстың басы қайрылды. Белсенді отандастарымыз мұнымен шектеліп қалмайды. Олар әрмен қарай еңбек етуге, көше мен аулалардың, табиғаттың көркін келтіруге даяр.
ГҮЛБАҚЫТ БАЙБОСЫНОВА, СҚО ІСБ Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Өзіміздің қала, өзіміздің аудандар бойынша қоқыс жатады. Әрбір адам қоқысты арнайы орынға тастаса, мұндай жайт орын алмас еді. Жастарды бірнеше саламен таныстырамыз.
Салдармен емес, себеппен күрескен өте тиімді. Экологиялық қауіпсіздік бойынша Петропавлда өткен жиынға жастар арнайы шақырылған. Басты мақсат – олардың бойында қоршаған ортаға бейжай қарамау сезімін қалыптастыру. Шарада өңірімізде өтіп жатқан “Таза Қазақстан” акциясының қорытындысы жайлы да айтылды.
ГҮЛБАҚЫТ БАЙБОСЫНОВА, СҚО ІСБ Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– 27 сәуірден бастап жұмыс істеп жатырмыз. 5 мың ерікті бар. Жаз бойы 300 тонна қоқыс жинадық.
Бүгінгі басқосуға волонтерлікпен айналысатын жастар да шақырылған. Олардың бірнешеуі Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжден келіп отыр. Білім ұясының ұл-қыздары белсенді. Олар түрлі акциялардың басы-қасында жүреді.
КСЕНИЯ РУССКИХ, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті:
– Өзім 2-ші курста оқимын. Тобымыздағы 3 бала волонтерлікпен айналысады. Су тасқыны кезеңінде күн-түн демей жұмыс істедік. Тазалық шараларына да қатыстық. Біздің студенттер өте белсенді деп айта аламын. Егер біреуге көмек керек болса жылдам жиналып, қолдау танытамыз. Мұндай істер бізді бақытты етеді әрі біріктіре түседі. Жастарды қатарымызға шақырамыз!
Достық үйінде өткен кездесу барысында бірнеше спикер сөз алды. Олар ортақ істі бірлесе жалғастыру бойынша өз ойларын білдірді.
Байболат Құлтанов