Спорт

Теріскейлік кикбоксшы өңір тарихында болмаған жетістікке жетті

Теріскейлік кикбоксшы өңір тарихында тіркелмеген жетістікке жетті. Көпшілікке жақсы таныс Нұрсұлтан Жақыпов Азия чемпионатында екі мәрте жеңіске жеткен алғашқы солтүстікқазақстандық атанды. Бұл жолғы жарыс Камбоджа елінде өтті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері ел қоржынына 86 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль салды. Сонымен қатар, дәстүрлі додада Данияр Жарасов және Аслан Асылбеков сынды жуан жұдырықты жерлестеріміз де өнер көрсетті. Оларға күміс жүлде бұйырды. Жалпы, сары құрлық біріншілігінде “сен тұр, мен атайын” деген 432 спортшы бақ сынады. Сайдың тасындай іріктелген үздіктер 22 елдің намысын қорғады.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы:

– Менің тәрбиеленушім Нұрсұлтан Жақыпов 2022 жылы Азия чемпионы атанды. Міне, араға 2 жыл салып сол жетістігін қайталап отыр. Кикбоксшы бұл жолғы чемпионатта 3 кездесу өткізді. Камбоджалық, филиппиндік және ирандық қарсыластарын тізе бүктірді. Соңғы жекпе-жекте нокаут тіркелді. Нұрсұлтан өзін жақсы сезінеді. Петропавлға қазанның 17-сі күні оралады.

 

Байболат Құлтанов