Ауыл шаруашылығы

СҚО тәжірибесін тарату жұмысы жалғасуда

Үкімет қабырғасында вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен кезекті кеңес өтті. Онда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жаңа тауарлы-сүт фермаларын салу мәселесі қаралды. Өзіміз жақсы білетіндей, аққайыңдар өлкесінде заманауи кәсіпорындардың құрылысына жеңілдікпен несие беріледі. Бұл бастама былтырдан бастап еліміздің түкпір-түкпіріне таратылуда.

– 100 млрд теңгенің бірінші траншына жылдық 2,5%-бен 2024 жылы 65 ТСФ салынуы тиіс. Ең көп жаңа кәсіпорын СҚО-да салынуда, онда 17 жоба іске асырылып жатыр. Жинақталған тәжірибені ескере отырып, мұнда Үлкен жоба бойынша 17 млрд теңге көлеміндегі қаражат негізінен мал сатып алуға және жаңа тауарлы-сүт фермаларының құрылыс-монтаждау жұмыстарына берілді. Бұл ретте жалпы сомасы 54,5 млрд теңгені құрайтын жаңа 17 тауарлы-сүт фермасы құрылысына қажетті қалған инвестицияны кәсіпкерлер салды.

Жиында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, қазіргі уақытта жалпы құны 100 млрд теңге болатын 2023 жылғы транштың игерілуі 94,4%-ды құрайды. Қазірдің өзінде 20 тауарлы-сүт фермасы салынып, пайдалануға берілді, 24 жоба бойынша жұмыстар аяқталуда.

ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Атап айтқанда, Абай, Түркістан және Жетісу облыстарында жобалар толығымен іске асырылып, Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жоба жұмыстары аяқталуда. 21 жоба пайдалануға беру мерзімінен кешіктірілуі мүмкін. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары мерзімінен әлдеқайда артта қалып отыр. Бұл аймақтарда 86% және 71,7% деңгейінде ең аз қаражат игерілген. Мысалы, Алматы облысында құрылысына 15 млрд теңге бөлініп, жоспарланған 12 тауарлы-сүт фермасы бойынша алты жобаның іске асыру мерзімдерінің бұзылу қаупі бар.

Вице-премьер Серік Жұманғарин жобалардың кешеуілдеуіне қатысты өңір басшыларын тыңдап, іске асыруы биылға жоспарланған барлық жобаның төртінші тоқсанда аяқталуын жеделдетуді тапсырды.

 

Байболат Құлтанов