ТЖ

СҚО-да жеті күнде 30-дан астам өрт тіркеліп, 8 адам қаза тапқан

Жұма күні кешке Аққайың ауданындағы Рублевка ауылында өрт шықты. Қорадан басталған қызыл жалынды көршілері байқап қалып, үй иелеріне хабарлайды. Бәрі жұмыла малды құтқарады. Қорадан үйге ауысқан от алапат өртке ұласып, аспанға лапылдаған қызыл жалын көтеріледі. Кешкі сағат 7 жарымда бас көтерген тілсіз жау 220 шаршы метрлік үй мен маңайдағы қора-қопсыны түгел жапырған. Өрт сөндірушілер 49 км жерден шамамен 45 минутта жеткен

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

– Өрт сағат кешкі 10-да оқшауландырылып, 11 жарымда сөндірілді. Өртті сөндіруге Смирноводан мамандандырылған бір және жергілікті серіктестіктен 3 техника тартылды. 5 өрт сөндіруші келген. Мамандар жеткенше дейін 30-дан астам ауыл тұрғыны көмекке келген.

Жанып кеткен үйде 4 адам тұрған. Төртеуі де дін аман. Қазір туыстарын паналауда. Оқиға куәгерлерінің айтуынша от қораның пилорама тұрған тұсынан басталса, мамандардың сөзінше кәдімгі пештен тараған. Қазіргі оқиғаның себебі мен келген материалдық шығын есептеліп жатыр. Өңірде соңғы уақытта өрт жиілеп кетті. Өткен аптада 30-дан астам оқиға тіркеліп, 8 адам қаза тапқан.

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері 330-дан астам өрт болды. Салдарынан 26 адам қаза тапты. Оның үшеуі – бала. Өткен жылмен салыстырғанда өрттен қаза тапқан адам саны биыл 28 пайызға азайды. 33 адам жарақат алды. Материалдық шығын 97 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, биыл облыста иіс тиіп 5 адам қаза тапқан. Өрт сөндірушілердің айтуынша, өрт көп жағдайда дұрыс салынбаған немесе дұрыс қолданылмай жатқан пештен шығады. Осы орайда, әсіресе, қазір пештің жағдайына баса мән беру қажеттігін ескертеді.

 

Нұрасыл Ахмет