Облыстық филармония әртістерінің өнерін солтүстікқазақстандық көрермен жоғары бағалайды. Сондықтан, бүгін Жастар сарайына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Өнерсүйер қауым концерттің басталуын асыға күтуде.
– Көңіл-күйім жақсы. Концертте болмағаныма көп болыпты. Сондықтан, бүгін ерекше сергіп қайтамын деп ойлаймын. Маған әсіресе эстрадалық-симфониялық оркестрдің өнер көрсетуі ұнайды.
Мерейтойлық 60-шы маусымның ашылуы, қара шаңырақта өнер көрсетіп жүрген әртістер үшін де ауқымды мереке. Әр шығармашылық ұжым сахнаға шығар алдында соңғы рет дайындықтарын пысықтауда. Себебі, олар биыл көрермендерге ерекше бағдарлама ұсынғалы отыр.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
– Бүгінгі бағдарлама өте қызықты болады деп ойлаймын. Себебі, өздеріңіз білетіндей, филармонияда әртүрлі жанрда концерттер қойылады. Жалпы, бізде 14 өнер ұжымы бар.
Міне, көптен күткен шара да басталды. Концерт шымылдығын алғаш болып “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің әртісі Нариман Жолдасбеков ашты. Ол “Құдаша” әнін орындап, қызылжарлық көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
НАРИМАН ЖОЛДАСБЕКОВ, “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің әртісі:
– 2017 жылдан бастап осы филармонияда әнші, домбырашы болып қызмет етіп келемін. Өнерге анам әкелді.
Концертке келген көрермендердің дені – аға буын өкілдері. Олар Ақан сері атындағы облыстық филармонияның жаңа маусымының ашылуын асыға күткен. Мысалы, қала тұрғыны Ғалия Малдыбаева өнер ұжымының бірде-бір концертінен қалмаған екен.
ҒАЛИЯ МАЛДЫБАЕВА, қала тұрғыны:
– Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері бізге жыл сайын өте керемет қойылымдар мен концерттер ұйымдастырады. Өнер ұжымындағы барлық әнші мен бишінің өнері ұнайды.
Мерекелік іс-шарада барлығы – 19 нөмір дайындалған. Оның ішінде бірнеше ұлттың әндері шырқалды. Өнерсүйер қауым әртістерге гүл шоқтарын табыс етті.
Нұрасыл Ахмет