Н.Погодин атындағы облыстық драма театры жаңа, яғни 138-ші маусымының шымылдығын ашты.
Бүгін театр сахнасында – премьера. Өнерсүйер қауымға грузиндік “Ханума” атты спектакль ұсынылуда. Зал көрерменге лық толы. Ине шаншар жер жоқ. Қойылым Ханума атты келіншек жайлы. Бір князь өзіне жас, сұлу әрі бай қыз іздейді. Оған Кабато деген келіншек әдейі үйленгелі жүрген інісінің болашақ жарын ұсынады. Қыз бай отбасыдан шықпаса да князь оған үйленгісі келеді. Бұл туралы біліп қалған Ханума қос ғашықты қосу мақсатында Кабатоға қарсы шығады.
Екі келіншек біраз тайталасады. Кабато екі жасты айырып, кызды байға әпергісі келеді. Ал Ханума қос ғашықтың махабаттары баянды болғанын қалайды.
Басты кейіпкер Хануманың образында – Татьяна Фомиченко. Актрисаның айтуынша, сомдаған кейіпкерімен мінездерінде ұқсастық бар.
ТАТЬЯНА ФОМИЧЕНКО, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:
– Ханумамен мінезіміз ұқсайды. Ол – өте батыл, өз мақсатына жетпей қоймайтын мықты әйел. Мен де сондаймын. Қойған мақсатыма жетпей қоймаймын. Жеңілгенді қош көрмеймін.
Қойылымның жанры – комедия. Қоюшы-режиссері – театрда бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Тимур Кәрімжанов. Ұжым грузиндік туындыны көрерменге ұсыну үшін жарты жыл дайындалған.
ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:
– Спектакль би мен әнге толы. Сахнада әйелдің де, ердің де грузинше билегенін көруге болады. Туынды махаббаттан, шаттықтан тұрады. Бұл өмірде әділдіктің барын және шын сүйген ғашықтар әрқашан бірге болатындығын дәлелдейді.
Жиналған қауымның барлығы театрды сағынған. Бірі құрбыларымен табалдырық аттаса, біреуі отбасымен тамашалауға келген.
– Актерлерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймыз. Оларға осы жылы тек сәттілік тілейміз. Жаңа премьералар көп болсын.
– Жаңа қойылымға асығамыз. Ешқайсысын жібермеуге тырысамын. Театрдың актерлері өз рөлдерін жақсы ойнайды.
Жалпы, қара шаңырақта 34 актер қызмет етеді. Осы жылы қатарларына алматылық өнерпаз қосылған.
Мәдина Қаби