Қоғам

Шал ақын ауданындағы ауылдарда ілкімді істер қолға алынған

Шал ақын ауданына қарасты Ақанбарақ ауылында барлығы 700 адам тұрады. Елдімекенге медициналық пункт ауадай қажет. Қазіргі таңда мәселе шешімін табуда. Мұнда жаңа нысан салынып жатыр. Жұмыспен “Реагент” серіктестігі айналысуда. Еңбекқор жандарға қолайсыз ауа райы біраз кедергі келтірген. Мердігердің сөзінше, толассыз жаңбыр болмағанда орталықтың таспасы осы айда қиылар еді.

ӘДІЛЕТ ЖЫЛҚЫБАЙ, мердігер:

– Жұмысқа мамырдың 26-сы күні кірістік. 15 адам аянбай тер төгуде. Құрылысқа республикалық қазынадан 140 млн қаржы бөлінді. Нысанды қараша айының ортасында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Орталыққа құрал-жабдықтар мен жиһаздар жаңадан алынады. 2 маман қызмет етпек. Біреуі – медбике, екіншісі – фельдшер.

БАЯН ТАЙМЫШЕВ, Аютас ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Елдімекеннің дамуы үшін осы сияқты нысандар керек. Адамдарға бар жағдай жасалса, олар ауылдан ешқашан көшпейді. Әлеуметтік, өндірістік ғимараттардың арқасында тұрғындарға жұмыс табылады. Бізге облыс әкімдігінен зор қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта мәдени-сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Ал Шал ақын ауданындағы Мерген ауылының тұрғындары орталықтандырылған суға қол жеткізетін күнді ұзақ күтті. Себебі, елдімекен көшелерінің бойындағы бағандардан тіршілік көзін тасу егде кісілер үшін оңай емес. Қазіргі таңда құбыр тартылып жатыр. Мердігер істі қараша айының соныңда аяқтауды жоспарлап отыр.

РҮСТЕМ МАРҚАСАРИН, Шал ақын аудандық ТҮКШ, құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы:

– Маңызды іске 960 млн тг бөлінді. Жұмыспен көкшетаулық серіктестік айналысуда. Мұнда резервуар да қойылған. Ол лас суды сорып, тазалап отырады. Бүкіл техникалық қауіпсіздік сақталған. Құбырды үйлерді қоршауларына дейін тартамыз. Әрі қарай тұрғындар өздері жалғап алады. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.

Ауыл тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Олар елдімекенде оң өзгерістер болып жатқанына дән риза.

БІРСҰЛУ ЕСҚҰЛОВА, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Ауылда тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Ауылым 15 жылда айтарлықтай өзгерген. Бәрі бар.

Айта кету керек, “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірімізде 46 медициналық нысан ашылмақ.

 

Нұрасыл Ахмет