Қоғам

Сан соққан солтүстікқазақстандықтардың саны артуда

Жемтігін торда күткен өрмекшідей алаяқтар интернетте күндіз-түні отырады. Жай отырмай орасан зор залал келтіретіндері түсінікті. Ал халық қашықтықтан қармақ салатын қулардың барын біледі. Алайда, сан соғып жатқан солтүстікқазақстандықтардың саны күн өткен сайын артуда. Яғни, қабылданған шаралардың тиімділігі шамалы болып тұр. Осыған байланысты өңір полицейлері журналистермен кезекті мәрте жүздесіп, негізгі айла-тәсілді жіпке тізді.

МЕЙІРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– “Банктен шалынған жалған қоңыраулар” тәсілі жиі қолданылады. Осы тәсіл арқылы адамдар несие рәсімдеп, алаяқтарға аударады.

Бұл жерде адамның сенгіштік қасиеті опық жегізіп отыр. Жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығарар пысықайлардың сенімге кірулері де таң қалдырады. Одан қалды, олар заманауи технологияларды пайдаланады. Мұны да білу керек.

МЕЙІРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Алаяқтар дипфейкті қолданып жатыр. Ол адамның бейнесін, дауысын жасайды.

Құлақ түріңіздер! Егер банктен қоңырау шалынса, тұтқаны қойыңыз. Сол қаржы ұйымының телефон нөмірін тауып, орталықтағы адамдармен сөйлескен жөн. Сонымен қатар, интернеттегі қызылды-жасылды арзан дүниенің бәріне бірдей қызықпаңыз.

МЕЙІРЖАН МАХМЕТ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Интернетте жалған сауда жасалады. Танымал сайтарды ғана пайдалану керек.

Егер адам ойда-жоқта қармаққа түссе, полиция қызметкерлеріне жүгінгені абзал. Шенділер қылмыстың ізін суытпай ашу сәл де болсын жеңіл дейді.

 

Байболат Құлтанов