Мәдениет

Облыстық филармонияда “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” спектаклі сахналанды

“Туған жер” би ансамблі жергілікті көрермендердің ерекше ықыласына бөленген. Бүгін олар Ақан сері атындағы облыстық филармонияда махаббаттың символына айналған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” спектаклін сахналады. Өнер ұжымы қойылымға алты ай бойы дайындалған.

ҚАРЛЫҒАШ ӘБДІРАХМАНОВА, “Туған жер” би ансамблінің бишісі:

– Спектакльге дайындалу қиынға соқты. Қойылымда қазақтың салт-дәстүрін және қыздарының батыр болғанын жеткіншектерге көрсететін боламыз.

Қозы мен Баян жайлы білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Себебі, екеуінің махаббат дастаны адамға терең ой салады. Спектакльде әйел жаны нәзік қана емес, қайсар, жаужүрек екендігі көрсетілді. Батыр қыз әділдік іздеп, өзі мен жақындарының бақыты мен жері үшін күреседі. Қойылымға тоқталсақ, нәзікжандының әкесі мен оның досы бірге жүріп, дүниеге келмеген балаларын атастырып қойыпты. Алайда, жолдасының қазасынан кейін, сертін ұмытып, ашаршылықтан аман алып қалған Қодарға тұрмысқа бермекші болады. Тиісінше, ол Қозының басын алады.

Қозы өлгеннен кейін, Баян ғашығының кегін алу үшін айлаға көшеді. Жаужүрек нәзікжанды Қодарға құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды. Қодар тұңғиыққа құлап, қаза табады. Бүгінгі қойылымның көрермендері – қала мектептерінің оқушылары. Мағынасы терең спектакльді 200-ге жуық жеткіншек тамашалады. Олар ансамблдің көрсеткен өнеріне тәнті болды.

– Маған спектакль ұнап жатыр. Мұндай қойылымды бірінші рет көруім. Жақсы әсер алдым.
– Қойылым бізге қазақтың салт-дәстүрін көрсетті. Актерлердің рөлдерді сомдауы ұнады. Спектакльге бірінші рет келіп отырмын. Алдағы уақытта жиі келуге тырысамын.

Айта кету керек, бүгін кешке Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының 60 жылдық концерттік маусымының ашылуы өтеді.

 

Нұрасыл Ахмет