Облыс әкімінің Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапары «НұрСен Агро» ЖШС сүт-тауарлы фермасынан басталды. Бұл серіктестік симментал тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысады. Қазір шаруашылықта 600-ден астам ірі қара мал бар. Жақында серіктістік 250 бас жас малға арналған база құрылысын бастаған. Жобаның жалпы құны 750 млн тенгені құрайды.
ҚАНАТ СЫЗДЫҚОВ, «НұрСен Агро» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз 500 млн-ға жуық қаражат алдық. Қалған сома біздің өзімізде болған. Соның арқасында осындай жаңа орынның құрылысын бастап, бітіріп жатырмыз. Қазіргі уақытта 95 пайызға дайын. Қазан айының соңында бітіруді жоспарлап отырмыз.
Серіктестік жақында ірі қара малдың санын арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, облыс басшысы Бәйтерек ауылында салынып жатқан жаңа медициналық пунктің жұмысымен де танысып қайтты. Мердігер – «Әлем СК» ЖШС. Қазіргі таңда нысанның 80%-ы аяқталған.
ҚАНЫШ БИЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Облысымыз бойынша медициналық пунктердің құрылысы жүріп жатыр. Қазір көріп тұрғаныңыздай, БӘйтерек ауылында медициналық пункттің жұмысы жүріп жатыр. Мекеменің абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Мердігер ұйым – «Әлем СК» ЖШС. Жұмысқа қажет барлық материалдар бар. Жұмысшылар жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, облыс басшысы аудан орталығы Булаев қаласындағы кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің жұмысымен танысты. Бұл мекеме 2012 жылы ашылған. Колледж дәнекерлеуші, машинист, токарь сынды жұмысшы мамандарды даярлаумен айналысады. Бүгінгі күні 600-ға жуық маман даярланған.
ЕРМЕК БӘКІРОВ, кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:
– Осы жылдан бастап Президентіміздің жарлығына сәйкес жұмысшы мамандықтары үшін шәкіртақы өсті. Қазір студенттеріміздің ең азы 54 мың, ал ең жоғарғы 82 мың теңге шәкіртақы алады. Сондай-ақ, бізде 80 га жер аумағы да бар. Ол жерде студенттер егін шаруашылығы бойынша білімдерін шыңдайды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Булаев қаласында жаңа ашылған «Оптовик» супермаркетінің жұмысымен де танысып қайтты. Бұл – аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Супермаркетте үйге қажетті керек-жарақтардың барлығы бар. Сондай-ақ, жоғарғы қабатында арзан бағада киім-кешек те сатылуда.
Сондай-ақ, облыс әкімі Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты. Бұл мектепте материалдық-техникалық база жаңартылған. Соның арқасында оқушылар жақсы білім алып, ал ата-аналар толыққанды балаларының оқуын тексере алады. Бірақ, ауданда балабақшаның жетіспеушілігі байқалады. Бұл туралы ауданның білім беру бөлімінің басшысы Талғат Қарабаев баяндады.
ТАЛҒАТ ҚАРАБАЕВ, М.Жұмабаев ауданы білім бөлімінің басшысы:
– Бізде 0-ден 5 жасқа дейін 496 бала бар. Оның 315-і балабақшамен қамтылған. 181 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған. Батыр Баян мектебіндегі шағын орталық пен М.Жұмабаев мектебіндегі шағын орталықтар санитарлық талаптарға сай келмейді. Бұл гимназиядағы шағын орталық астыңғы қабатты толықтай қамтиды. Сондықтан да бізде 200 орынға шақталған жаңа балабақшаның құрылысы керек.
Бұл мектепте балалар робототехника үйірмесімен де айналысады. Жас дарынды балалар – аудандық және облыстық сайыстардың жүлдегерлері. Жақында облысымыздың намысын республикалық сайыста қорғайтын болады.
Мектеп заман талабына сай барлық қажетті құрал-жабдықтар, материалдық базамен толықтай қамтылған. Оқушылардың көп бөлігі спорттық және пәндік үйірмелерге қатысады. Солардың бірі – мектеп қабырғасында ашылған журналистика үйірмесі. Бұл құралдардың барлығын алуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры септігін тигізген.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгін бұл қор республикамыз бойынша үлкен жобаларды іске асыруда. Өздеріңіз білетіндей, биылғы су тасқыны орын алғанда елімізің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне дәл осы қор алғаш болып қабыл алып, біздің облысымызға 2 млрд 700 млн тенге қаражат бөлген. Ол қаражатқа біз алғашқы 100 үйдің құрылысын аяқтадық. Сондықтан да сендерге жақсы оқып, білімдеріңді шыңдауға шақырамын.
Облыс басшысы ауданаралық және ауылішілік жолдардың жөнделуімен де танысты. Бұл ретте аудан басшысына жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Ғауез Нұрмұхамбетов аудан орталығында орналасқан «AGRIMER» ЖШС элеваторының жұмысымен де танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, егістік жинау науқаны жайлы тілдесті. Шаруа қожалықтарының басшылары облыс әкіміне өздерінің сұрақтарын қоюға мүмкіндіктерін алды. Солардың бірі фураждық жемді сатып алу мәселесі болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауыл шаруашылығы министрі келген кезде бұл сұрақты көтерген болатынбыз. Біріншіден, бағаны көтеру, екіншіден уақытын ұзарту болып саналды. Сондықтан да бұл сұрақ министрлік көлемінде өз шешімін табады деген ойдамыз. Бұл сұрақты жазып алып, өтінім жасап көреміз.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы «Булаев су» су торабының жұмысымен де танысып қайтты. Бұл жұмыстарға 550 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осы су тораптың арқасында 16 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Ауданда 47 шақырым су тарату жүйесі ауыстырылды. Соның арқасында 2500 мың адам таза ауыз сумен қамтылды. Таманское, Қарағанды, Октябрьское, Новотроицкое және Булаево қаласында су тарату жүйелері жөнделуде.
Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов Полтавка ауылының бірқатар нысандарын аралады. Солардың бірі «Алтын астық» ЖШС болды. Бұл шаруашылық астықты сақтау және кептірумен айналысады. Алдағы уақытта шаруашылықтың құрылғыларын алмастыру көзделуде. Облыс басшысы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен де танысып, жергілікті халықпен тілдесті.
Сондай-ақ, іске қосу мерзімі өтіп кеткен, бірақ жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қажырлы еңбегінің арқасында іске қосылған көп қабатты үйдің сапасымен де танысып қайтты. Жоспар бойынша жас отбасылар мен арнайы мамандарды орналастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, облыс басшысы ауданның жылыту маусымына дайындық барысымен де танысты.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс басшысы Қарақоға ауылында ағаш отырғызды. Бұл шараға ауыл азаматтары белсене қатысты.
Жұмыс сапарының соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарының алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев аудынының әкімі:
– 2024 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша ақпарат беруге рұқсат етіңіз. Ұйымдардың мемлекет мекемелерінің табысты жұмысының негізі – бюджет. Аудан бюджетінің шығыстары 8 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте өз кірістерін мен салықтары есебінде 3,5 млрд теңге жинау жоспарлануда. 9 айдың қорытындысы бойынша салықтар 2,6 млрд теңге жиналды. Өткен жылдың деңгейіне 18 пайызға өсті.
Кездесу барысында облыс әкімі халық алдында облыста атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар облыс әкіміне өздерінің сұрақтарын қойып, жауап алуға мүмкіндікке ие болды.
Данаш Хамза