Өңірде бүгін күн күрт бұзылды. Қар жауып, жел соғып, салдарынан көктайғақ пайда болды. Жүргізушілердің көбі көліктерінің дөңгелектерін ауыстырып үлгерген жоқ. Осы ретте жолда аса абай болған жөн. Қысқы шинамен жүргеннің өзінде біреуді басым озамын деп асығып-аптықпау керек. “Асықпаған арбамен қоянға жетеді” демекші, полицейлер қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Бұл жаяу жүргіншілерге де қатысты. Айта кетейік, соңғы 12 сағат ішінде облыста жол-көлік апатынан адамның зардап шегу фактілері тіркелген жоқ.
ЖАСЛАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ПД ППБ взвод командирі:
– Құрметті СҚО тұрғындары мен қонақтары, ауа райының күрт өзгеріп, температураның төмендеуі мен қардың түсуіне байланысты елді мекендерден қажеттіліксіз шықпауға кеңес береміз. Сондай-ақ, көліктеріңіздің техникалық жағдайына мән беріп, уақыттылы қысқы дөңгелектерге ауыстыруды сұраймыз. Ауа райына байланысты жолда жылдамдық режимі мен көлік арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауды ұмытпаңыз.
Данаш Хамза