ТЖ

СҚО-да өрт қаупі күшейді

Өткен жылға қарағанда биыл Солтүстік Қазақстан облысында өрт саны аз. Алайда, оттың салдарынан ажал құшқан адамдардың саны бірдей. Былтыр да, ағымдағы жылы да 23 кісі көз жұмған. Соның үшеуі – бала. Осы және өзге де деректерді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бейінді департамент бастығының орынбасары Дмитрий Растихин айтты.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазанның 6-сы күні түнде Петропавл қаласындағы Зайцев көшесінде орналасқан үй өртенді. Өрттің салдарынан 3 адам қаза тапты. 1 тұрғынды полиция қызметкерлері құтқарып қалды. Анықталған деректерге сүйенсек, баспанада ішімдік ішілген. Көз жұмған жанның бірі – 2021 жылы туған бала. Оттың шығу себебі – пеште ақаудың болуы.

Сонымен қатар, 7-ші қазан күні “Ракета” бау-бақша серіктестігінде 53-ші жылы туған ер адам көз жұмды. Оның жазғы үйі отқа оранған. Тілсіз жаудың шығу себебі – сөндірілмеген темекі. Дмитрий Растихин журналистермен жүздескен сайын сақтық ережелерін айтады. Бұл жолы да жіпке тізді. Полковниктің ақыл-кеңесін әр адам тыңдап, түсінуі тиіс. Өйткені, кез келген жайт орын алуы мүмкін.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Статистика көрсетіп отырғандай, жалпы өрт оқиғаларының 70 пайыздан астамы жеке секторда тіркеледі. Пештерді тазалау керек. Әсіресе, түтін өтетін мұржаны тазалаған жөн. Сонымен қатар, пештің құрылымына мән берген маңызды. Жарық, сызат болмағаны абзал. Одан ыс тарайды, жалын сыртқа шығады. Бұл өртке алып келеді.

Қазір еліміздің бірнеше аймағында орман және дала өрті болып жатыр. Жағаны жайлауға жіберуге болмайды. От аққайыңдар өлкесінде де бас көтеруі мүмкін.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өңірде жылдың басында және ортасында орман мен дала өрттеріне қатысты ахуал тұрақты болды. Күз келгелі жағдай өзгерді. Қазір облыста өрт қаупінің 4-ші класы байқалады. Мұндай көрсеткіш 5-пен шектелетінін ескерсек, аймақта сақтық шараларын күшейту керек. Үйлердің маңында арттық заттар болса әзірге өртемеңіздер. Қураған шөп, қамыс өссе, шауып, жою керек. Алайда, өртемеген жөн.

Қазір құтқарушылар бастаған топтар үй-үйді аралап, сақтық ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Департамент бастығының орынбасары тұрғындарды ашық әңгіме жүргізуге шақырды.

 

Байболат Құлтанов