Құқық қорғау органдары

Петропавлда 514 мың теңгенің телефон қаптамасы жойылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мына қаптың ішінде не деп ойлайсыздар? Мұның ішінде 200-ге жуық телефон қаптамасы бар. Қазір олардың барлығы жойылады.

Үстелге төгілген телефон қаптамаларының барлығы – Apple компаниясы шығаратын өнімнің көшірмесі. Тиісті құжаттары жоқ. Бір сөзбен айтсақ, көз алдымызда қызылды-жасылды контрафактілік тауар жатыр. Оларды қолдарына қайшы ұстаған Әділет департаментінің өкілдері қиюға кірісті. Әр адамға қажетті дүние шаһардағы сауда орталықтарының бірінде сатылмақ болған. Тексеріс кезінде сөресіндегіден айрылған пысықай кәсіпкер айыппұл да арқалапты.

АДАЙ МАҒЗҰМОВ, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:

– Әкімшілік іс қозғалды. Тұлғалар жауапқа тартылды. Бүгін контрафактілік өнімдер жойылып отыр.

Аталған компания өкілдері сауысқандай сақ екен. Биыл Әділет департаментіне заңсыз бизнес бойынша бір емес, бірнеше мәрте жүгініпті. Бүгінгі телефон қапталары тек бір арыз негізінде тәркіленіп, жайылып отырғанын қоса кету қажет.

АДАЙ МАҒЗҰМОВ, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:

– Біз зияткерлік меншік құқықтарын қорғаймыз. Бізге бұл бағытта биыл 4 арыз келіп түсті. Оның барлығы Apple компаниясының өкілінен жолданды. Сол бойынша жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырдық.

Әзірге, Әділет департаментінің қарауында осы сынды арыз жоқ. Дегенмен, мұндағы мамандар әрбір дабылға ден қоюға дайынбыз дейді.

 

Байболат Құлтанов