БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Ұлттық өнердің шоғы сөнбеген Қызылжарға айтыс керуені кезекті мәрте жетті. Бұл жолы солтүстікқазақстандықтар талай аламанның сәнін келтірген Ринат Заитовты, Жансая Мусинаны немесе теріскейдің туын түсірмеген Жарқын Жұпарханды тыңдамайды. Сахнаға өңіріміздің түкпір-түкпірінде еңбек ететін ұстаздар шығады.
Облыстық деңгейдегі дода жақында ғана кәсіби мерекелерін атап өткен Ұстаздар күніне арналды. Сахнаға шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленген жандарды көбі танымайды. Бұлардың арасында кезінде атой салған ақындар бар. Бүгін олар қайта топқа қосылмақ.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыс жүргізушісі:
– 8 ақын бақ сынайтын болады. Олар: музыка, қазақ тілі мен әдебиеті және дене шынықтыру пәні мұғалімдері.
Жыр додасын қызылжарлық Серік Жанайұлы мен есілдік Жәдігер Әлтаев бастады. Айтыстың ақсақалдарының қарқыны бәсең болғанымен, домбыра қағыстары, сөз саптаулары тамаша. Талантты теріскейліктер мәселе де көтерді, қалжыңға да кезек берді.
СЕРІК ӨТЕПБЕРГЕНОВ, Подгорное негізгі мектебінің музыка пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– Мұндай айтыс өңірімізде тұңғыш рет өтіп отыр. Өзім Бәйтерек ауылында тұрамын. 2000-шы жылдардың басында топқа қосылып, талай жүлде алдым.
Бірінші жұп шараның көркін келтіріп жатқанда сахна сыртындағы өнерпаздар дайындықтан бір сәтке де босамады. Жалпы, бүгінгі аламанда уәлихановтық, жұмабаевтық, мүсіреповтық, мамлюттік және петропавлдық ақындар шабыстарын байқап көрді.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыс жүргізушісі:
– Білім басқармасына алғыс айтамыз. Бүгін жеңіске жеткен ақын республикалық кезеңге жолдама алады.
“Ұстаз – білім айнасы” облыстық айтысының соңында жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың жоспары ауқымды. Олар алдағы уақытта мұғалімдер арасындағы жыр додасын аудандарда өткізбек ниетте.
Байболат Құлтанов