Ауыл шаруашылығы

СҚО-да “Головкин и К” серіктестігі гектарынан 20 центнерден аса рапс жинауда

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Биыл рапс өте берекелі шықты. Өздеріңіз көріп тұрғандай, құлап жатыр. Бұл дәннің көптігін білдіреді. Қазір комбайндар алқапқа түсіп, солтүстіктің “қара алтынын” жинайды.

Техниканың аты техника. Заманауи комбайндар адам аяғына рапс сабағының түбі бататын танапта зымаранша зулайды. Қызылжар ауданындағы “Головкин и К” серіктестігі биыл 900 гектарға дән септі. Алқаптардың барлығында майлы дақылдың тек бір түрі өсірілді.

СЕРГЕЙ ГОЛОВКИН, “Головкин и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Орақ науқаны жылдағыдан кеш басталды. Көктемде және жазда жауған толассыз жаңбыр жоспарымызға өзгеріс енгізбей қоймады. Өнімді ертерек жетілдіру үшін алқаптарға қосымша химиялық сұйықтық шаштық. Соның нәтижесінде жиын-терімге кірістік. Бүгінде дейін 300 гектардан аса жердегі рапс жиналды. Бұл жұмыстың шамамен 30 пайызы дегім келеді. Күннің әлі де ашық тұрғанын қалаймыз.

Әр минутты тиімді пайдалануға тырысатын серіктестік өкілдері қазір ала таңнан кешке дейін тер төгіп жатыр. Алқаптағы маңызды жұмысқа 8 адам кіріскен. Олардың бірі су жаңа техниканы тізгіндеп жүр.

СЕРГЕЙ ГОЛОВКИН, “Головкин и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Жақында ғана «Ростсельмаш» компаниясының комбайнын алдық. Мұндай техника бізге Қазақстан бойынша алғаш жеткізілді. Өзін тек жақсы қырынан көрсетіп жатыр. Мамандарымыздың көңілінен шықты. Сол қатты қуантады.

Тәжірибелі механизатор Евгений Науман басқармаған техника жоқ. Жас күнінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жерлесіміз ескіні де, жаңаны да жүргізген. Жұмысшыны жақында ғана кілті қолына тиген комбайн ерекше таң қалдырған екен.

ЕВГЕНИЙ НАУМАН, “Головкин и К” ЖШС жұмысшысы, Қызылжар ауданы:

– Техникағы өте жақсы деп баға беремін. Іші кең, жылы. Мұндай орында отырып шаршамайсыз. Бұрынғы комбайндар еріксіз еске түседі. Олар қалжырататын еді.

Механизатор сөзге шорқақ болғанымен іске мығым. Сүт пісірім уақыт ішінде алқапты бір айналып, бірнеше тонна рапсты трактор тізгіндеген әріптесінің тіркемесіне төкті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Жаңа ғана комбайннан төгілген рапс. Бір әттеген-айы бар. Оның құрамында ылғалдың мөлшері басым. Өнімді кептіру керек.

СЕРГЕЙ ГОЛОВКИН, “Головкин и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біз рапсымызды жүк көліктерімен “Масло-Дел” серіктестігіне апарамыз. Өнім сол жерде сақталады, кептіріледі. Әзірге, астық сатылып жатқан жоқ. Бірақ, аталған ұйымға өткіземіз деген жоспарымыз бар. Баға бекітілді. Бүгінде бір тонна рапсты 200 мың теңгеге өткізуге болады. Бұл жерде кәсіпкердер қосымша құн салығы ұсталады.

Бүгінгі күнге дейін Қызылжар ауданында 147 мың гектардағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналыпты. Бұл – бөлінген аумақтың 98,1 пайызы. 335 мың тоннадан астам алтын дән қамбаға жеткізілген. Ал майыл дақылдардың 58,9 пайызы шабылған. 18 мың гектардағы өнім жиналған, бастырылған астықтың көлемі 25 мың тоннаны құрайды.

 

Байболат Құлтанов