Құшаққа сыймас отынның орнын тырнақтай ғана түрі басты. Петропавлдағы “Фирма “Диқаншы” серіктестігі пеллет шығарады. Әбден престелген дүние жоғары қызуға ие. Яғни, нысандарды оңай жылытады. Ол үшін заманауи қазандық қана сатып алыныпты.
ДАНИЛ ПАМПУР, “Фирма “Диқаншы” ЖШС коммерициялық директоры:
– Биотын жағылатын қазандық орнаттық. Соның көмегімен нысандардың барлығын жылытып отырмыз. Бұрын ғимараттарымыздың бәрі орталық қазандықтан жылу алған еді. Бұған дейін шикізат ретінде фанер өндірісінен қалған қалдықтарды қолдандық. Кейін түрлі сынама жасадық. Сонда ауыл шаруашылығы қалдықтарының кез келген түрі жарамды екенін түсіндік.
Пеллет өндірісі ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге ықпал етеді. Бір сөзбен айтсақ, адамға да, табиғатқа да тиімді, зияны жоқ.
ДАНИЛ ПАМПУР, “Фирма “Диқаншы” ЖШС коммерициялық директоры:
– Бір жылыту маусымында 164,5 тоннаға жуық пеллет пайдаланамыз. Сағатына 32-33 келі жағылады. Жылытылатын алаң шамамен 1300 шаршы метрді немесе 8 200 текше метрді құрайды. Экономикалық тұрғыда биоотын бізге тиімді.
Қоса кету керек, жоба «DAMU» қорының өңірлік филиалының қолдауымен іске асырылды.
ӘСЕЛ СЫЗДЫҚОВА, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының бас менеджері:
– Компанияға «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» құралы бойынша субсидиялар берілді. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 19,5% құрады. Субсидиялауды ескере отырып, мөлшерлеме кредиттің алғашқы 3 жылында 8% дейін төмендеді, 4-ші жыл көрсеткіш 9% құраса, 5-ші жыл 10% болады.
Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау құралдары бойынша «DAMU» қорының өңірлік филиалында 14,7 млрд теңгенің 306 субсидиялау шарты және 17,7 млрд теңгенің 230 кепілдік беру шарты қолдау тапқан. 13 млрд теңгеден астам сомаға кепілдіктер бөлінген.
Байболат Құлтанов