Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты бастау алды

Шапшаңдық пен төзімділік сыналатын сайыс. Бүгін Петропавлда грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты бастау алды. Дәстүрлі додаға 2010 жылы туғандар мен одан кіші жастағы спортшылар қатысуда. Жарысқа қала мен өңірдің 4 ауданынан келген 100-ге тарта жеткіншек келген.

МАРАТ ӨТЕНОВ, жарыс төрешісі:

– Грек-рим күресінен жарыстарды жиі ұйымдастырып отырамыз. Өткен айда ғана 2008-2010 жылғы балалар арасында облыс чемпионаты өткен болатын. Біз бұл арқылы спортшылардың деңгейлерін байқайтын боламыз.

Мына жеткіншектердің барлығы чемпион боламыз деп келіп отыр. Қазір олар сайыс алдында денелерін қыздыруда.

ЖАҚСЫЛЫҚ РАЙЫМБЕК, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Грек-рим күресімен 6 жылдан бері айналысамын. Мені күреске ағам әкелді. Бірнеше республикалық турнирдің жеңімпазымын.

Міне, көптен күткен сайыс та басталды. Жақсылық бозкілемге алғашқылардың бірі болып шықты. Қарсыласы – Мамлют ауданынан келген спортшы. Жігерлі жас бірнеше әдіс қолданып, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

ЖАҚСЫЛЫҚ РАЙЫМБЕК, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қарсыласым оңай болды. Жамбас әдісі арқылы жеңіске жеттім.

Дүбірлі дода екі күнге жалғасады. Жеңіске жеткендері ақпан айында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет