Петропавлда спорттық бағдарлаудан оқушылар арасындағы қала біріншілігі өтуде. Шаһардың 4 мектебінен келген 30-ға жуық қатысушы ептілік, төзімділік және картаны оқу қабілеті бойынша сынға түсіп жатыр. Зияткерлік спорт түрі бір қарағанда оңай болып көрінгенімен тез шешім қабылдауды, ұшқыр ойды талап етеді. Жарыс жолында командалардың белгіленген қашықтықты енсерген уақыты мен ұпайы есептеледі.
ЖАНГЕЛДІ ҚОЙШЫБАЕВ, ҚР ҰҰ академиясының тактика және жалпы әскери пәндер кафедрасының оқытушысы:
– Аталған жарыс арқылы біз жастарды өз елінің патриоты болуға үйретеміз. Сайыста барлығы – 9 нүкте болады. Жалпы арақашықтық – 2750 метр.
Өңірімізде аталған спорт түрі оқушылар арасында етек жайып келеді. Былтыр ғана алғашқы облыс чемпионаты өткен. Қатысушыларға ең алдымен жарыс ережесі түсіндірілді. Содан кейін жеткіншектер жолға шықты. Әр топта 4 баладан бар. Мына ұл-қыздардың қолдарында компас пен орманның картасы. Олар мәреге жету үшін осы заттарды қолданады.
ГҮЛСАЙЫН ЖАҚСЫБАЙ, “Дарын” мектеп-лицейінің 10-шы сынып оқушысы:
– Бұған дейін мұндай жарысқа қатысқан емеспін. Аталған спорт түрі жайлы мүлдем естімегенмін. Бірақ, әскери дайындықтан беретін ағайымыз бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Жарысқа 1 айға жақын дайындалдық. Қиын болады деп ойламаймын. Себебі, өзім спортқа жақынмын. Футболмен айналысамын. Сондықтан, бүгінгі сайыста жүлде аламын деген ойдамын.
Сайыс қас қарайғанша жалғасын таппақ. Жеңімпаз команда облыс чемпионатында қала намысын қорғайтын болады.
Нұрасыл Ахмет