Білім

11-ші сынып оқушылары арасында пәндік олимпиада бастау алды

Бүгін Оқушылар сарайында 166 оқушы жиналып білім сайысында білімдерін сынауда. Облыс орталығында 11-ші сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша олимпиада өтіп жатыр. Альбина Байғажқызы Тайыншадан келіп отыр. Бұрымды 4 бірдей пәннен тапсырма орындайды.

АЛЬБИНА БАЙҒАЖҚЫЗЫ, Тайынша қаласы №5 орта мектебінің оқушысы:

– Алдағы уақытта математика мен физика пәнін таңдап отырмын, яғни математика мұғалімі боламын. Болашақта математика мен физиканы таңдайтындықтан бір жыл бойы дайындалып келемін. Ал биология мен химияға айтқан сәттен бастап дайындалдым. Бүгінгі олимпиадада жеңіске жетемін деген ойдамын.

Басты талап – болашақ түлектердің ешқайсысы ел көлемінде немесе облыстық деңгейде өткен білім сайысына қатыспаған болуы керек. Ұйымдастырушылардың сөзінше, олимпиада барысы тапсырма орындау мен тестілеуден тұрады. Ұл-қыздарға бәріне 4 сағат уақыт беріледі.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Биыл қатысып жатқан оқушылардың саны алдыңы жылға қарағанда 40 оқушыға көп. Тапсырмалар “Дарын” платформасына жүктеледі. Оларды М. Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушылары тексереді. Нәтижелер келесі күні сайтта жарияланады.

Олимпиада жеңімпаздары қарашада өтетін республикалық олимпиаданың іріктеу сынына қатысады. Оған 20-ға жуық бала таңдалып алынады. 20-ның ішінен 8 бала өңір намысын қорғайды.

 

Мәдина Қаби