Денсаулық сақтау

СҚО-да 9 айда бас және мойын ісігінен 33 адам ажал құшқан

Облыстық онкологиялық орталық қабырғасында бас және мойын ісіктерінің алдын алу бойынша Ашық есік күні өтті. Денсаулығына бейжай қарамайтын адамдарды қабылаушы дәрігер-онкохируг, онкомаммолог Рафаэль Ризаев. Келушілердің бірі – Елена Фирсова. Маман азаматшамен тілдесті, тексеріс жүргізді, ақыл-кеңесін берді.

ЕЛЕНА ФИРСОВА, қала тұрғыны:

– Ашық есік күні өтетінін интернеттен көрдім. Өте ыңғайлы және қажетті акция деп білемін. Мұнда қиындықсыз дәрігермен кездесуге, тілдесуге болады. Еш жерім мазаламайды. Сонда да облыстық онкологиялық орталыққа келіп, тексеріліп тұрамын. Осыған дейін гинекологиялық қатерлік ісіктердің алдын алу бойынша Ашық есік күні өткен еді. Сол кезде де мекеме табалдырығын аттадым.

Төбе шашты тік тұрғызар сандармен бөлісейік. Облыста 2100-ден аса адам бас және мойын обыры бойынша есепте тұр. Соның 247-сі ағымдағы жылдың 9 айы ішінде тізімге қосылыпты. Науқастардың басым бөлігі щитовидная железа, яғни қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққан.

РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, СҚО онкологиялық орталығының онкохирургі, онкомаммолог дәрігері:

– Қалқанша безі қатерлі ісігінің өзіндік белгілері бар. Адам ашушаң болады, терлейді, ұйқыға тартады, тамақ ашиды, дауысы өзгереді және жұтыну қиындайды. Бұған кейбір жандар мән бермей жүре береді. Уақыт өте ауру асқынады. Міне, сонда ғана есігімізді қағады. Егер осы айтылғандар байқалса, тұрғын міндетті түрде эндокринолог және лор дәрігеріне жүгінуі керек.

Қатерлі ісіктен қорықпау керек. Бастапқы кезеңде аурудан айығу оңайырақ. Оның үстіне бүгінде өзге қалаларға барудың немесе шекара асудың қажеті жоқ.

РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, СҚО онкологиялық орталығының онкохирургі, онкомаммолог дәрігері:

– Ісіктің түріне қарап ем жүргіземіз. Алғашқы кезеңде жедел көмек көрсетіледі. Ол жеңілірек. Бүгінде облыстық онкологиялық орталықта қажеттінің барлығы бар. Әлемдік стандарттарға сай келетін дүниелер алынған. Жақында тағы бір заманауи қондырғы қойылды. Ол сәулелік терепияны жылдам жүргізуге арналған.

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде деген бар. Дәрігер тұрғындарды басты байлық – денсаулыққа атүсті қарамауға шақырады. Өкінішке қарай, биылғы жылдың тек 9 айында өңірде бас және мойын ісіктерінен 33 адам көз жұмған.

 

Байболат Құлтанов