Балалар

Новоишимское ауылында 5 бірдей ойын алаңы салынып жатыр

Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское ауылы одан сайын құлпыра түспек. Мұнда 5 бірдей ойын алаңы салынып жатыр. Жұмысшылар ескі аумақты бұзған. Болашақта барлығы жаңадан болады. Өзгерісті көпқабатты үйде тұратын кішкентай ұл-қыздар асыға күтіп жүрек. Олар алдағы уақытта алысқа бармай-ақ асыр салатын болады.

АЙЗЕРЕ МҰРАТ, оқушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мына жерде әткеншектер болған. Алып тастады. Жұмысшылар жаңасын қоямыз деді. Мен әрқашан достарыммен және сіңліммен шығып, осында ойнайтын едім. Енді есік алдында немесе көрші аулада ойнап жүрміз. Біз жаңа алаңды асыға күтудеміз.

Бес алаңның біреуі жартылай аяқталған. Ол жерге енді баскетбол, футбол ойнауға қажетті қосымша заттар, кішкентай жастағы балаларға әткеншектер және далада жаттығу жасауға арналған дүниелер қойылады. Ауқымды жұмыс бір жарым ай бұрын ғана басталған. Жоба келесі жылы аяқталады.

ДАНИЯР БАҚЫТОВ, Новоишим ауылдық округі әкімінің орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Алаңдардың барлығы 11 көпқабатты үйдің төңірегінде пайда болады. Бұл баспаналарда 3 мыңға жуық адам тұрады. Маңызды істі өзіміздің азаматтар жүргізіп жатыр. Жұмысқа 6 адам және 3 техника жұмылыдырылды.

Жалпы, құрылыс жұмыстарына аудандық және облыстық бюджеттен 328 млн 400 мың теңге бөлінген. Оның 75 млн-ы осы жылға арналған.

 

Мәдина Қаби