Экология

Қала сыртына 10 мыңға жуық көшет отырғызылды

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен Петропавл сыртында экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған қала белсенділері, спортшылар, әскерилер мен құтқарушылар қатысты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жерлестеріміз бос аумаққа ағаш отырғызды. Қатысушылардың арасында атынан ат үркетін теріскейліктер де бар.

ШАМИЛЬ ЕРМАҒАМБЕТОВ, муайтайдан екі дүркін әлем чемпионы:

– Біз елімізде өтіп жатқан “Таза Қазақстан” акциясын қолдауға муайтайшылар болып келдік. Достарымызбен ағаш отырғызудамыз. Осындай игі бастамалар жиі қолға алына берсін. Жасыл желек айналаға сән береді. Ауа тазарады. Сонымен қатар, акцияның арқасында біздің ауызбіршілігіміз нығаяды.

Болашақта Петропавлдың іргесінде орман жайқалады. Акция қатысушылары 10 мыңға жуық қарағай көшетін отырғызды. Игі істе төбе көрсеткен жастың бірі – Сүлейман Жетпісбай. Футболшының қасында командаластары бар.

СҮЛЕЙМАН ЖЕТПІСПАЙ, футболшы:

– Қаламыз үшін маңызды акция өтуде. Бұл жерге достарыммен келдім. Отырғызып жатқан көшеттеріміз алдағы жылдары үлкен ағаш болып өседі. Бұл – біздің табиғатқа қосқан үлесіміз. Әр жігіт көшет егу керектігін білемін.

Акцияда ешкім де бос жүрмеді. Жігіттердің қолында күрек болса, қыздар жас көшеттерді суарды.

 

Мәдина Қаби