Жыл басынан бері өңірдегі емдеу мекемелеріне 11 резидент-дәрігер жұмысқа орналасты. Олардың 2-еуі облыстық кардиологиялық орталықта еңбек етіп жүр. Соның бірі – Аманкелді Серік. Азамат қазір ота жасалған жерлестерімізге қарап жүр. Жас маман – Жамбыл облысының тумасы. Астана медициналық университетінде 10 жыл білім алған. Ол бізге өзінің жұмысы жайлы және жүрек ауруларының алдын алу үшін не істеу керектігін айтты.
АМАНКЕЛДІ СЕРІК, дәрігер-кардиолог:
– Ең бірінші, бізге түскен науқасты толығымен тексеремін. Содан кейін тиісті дәрілер тағайындаймын. Адам денсаулығын күтуі қажет. Әр кез өмір салтын өзгертуі қажет. 40-50 жастағы жандар жылына бір лет кардиологқа қаралып тұрғаны дұрыс.
Жас маман өзінің кезекті тексеруін жүргізуде. Оның қарауындағы әр емделуші – жіті бақылауда.
Дәрігер-кардиологтың қарауындағы науқастармен тілдесіп көрдік. Емделушілер жас маманның жақсы қарап жатқанын, оның арқасында біршама сауығып қалғандарын жеткізді.
– Өте жақсы дәрігер. Әрқашан дұрыс ем тағайындайды. Менің қан қысымым көтерілген кезде кешікпей, бірден көмектеседі. Емдеу мекемесінде жатқаныма 1 апта болды. Қазір тәуірмін. Бүгін шығайын деп жатырмын.
Жас ақ халаттыларға жұмысына үйреніп кету үшін барлық жағдай жасалуда. Амангелдінің кардиологиялық орталықта қызмет етіп жүргеніне небәрі 2 ай ғана болса да өзін жақсы жағынан көрсетіпті. Әріптестері маманның жұмысына оң баға беріп отыр.
ЕРЛАН ЕРТАЙ, дәрігер-кардиолог:
– Аманкелді Бақытұлы жұмысына өте ұқыпты. Емделушілері оған дән риза. Бірнеше жыл оқығандықтан барлығын бізден сұрамай-ақ істейді. Бірақ, түсінбегені болса әрқашан көмектесіп отырамыз.
Айта кету керек, облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық орталығында 62 дәрігер жұмыс істейді. Оның 10-ы – жас маман.
Нұрасыл Ахмет