Облыста өткен жылы 72 адам А типті тұмаумен ауырған. Дертке шалдыққандардың барлығы – екпе алмағандар. Жедел респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанғандар да аз емес. Былтыр 140 мыңға жуық адамға суық тиген. Оның 66 пайызы – балалар. Күн суытуына байланысты бұндай статистика биыл да тіркелуі мүмкін. Сол себепті, ақхалаттылар алдын алу шараларына екпін беріп жатыр. Өңірде қазанның 1-інен екпе егу науқаны басталды. Облысқа тұмауға қарсы ресейлік 60 мың “Гриппол Плюс” вакцинасы алынған.
АЗАМАТ АППАСОВ, №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
– Тұрғындар біртіндеп келіп жатыр. Қазанның 1-інен бастап біздің емханаға 1560 адам келіп, вакцина алды. Вакцина тәуекел тобындағы адамдарға тегін қойылады. Олар: медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар және созылмалы дерті бар жандар. 6 айдан аспаған сәбилерге және жүктілігі үш айдан асқан нәзікжандыларға екпе егілмейді.
Мәдина Қаби