Өңірде есірткі бизнесімен күрес жалғасып жатыр. Теріскейлік құқық қорғаушылар жыл басынан бері заңсыз айналымнан 754 келі зиянды зат тәркілепті. Оның 6 келіге жуығы – жиі айтылатын синтетикалық дүние. Осы және және өзге де деректер өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.
ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:
– Биыл өңірде 188 құқық бұзушылық тіркелді. Оның 68 әрекет болса, 113 қылмыс саналады. Есірткіні аса ірі көлемде сақтаудың 7 фактісі анықталды. Сонымен қатар, өткізудің 102 жайты мәлім болды.
“Заманың түлкі болса, тазы боп шал” деген бар. Қазір пысықайлармен бес қаруды сайлап күреспесең болмайды. Заманауи дүниелерсіз күдіктілердің ізің кесе алмайсың, “апаннан” да шығара алмайсың. Бұл ретте жергілікті мамандардың қолында қақпан бар.
ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:
– Биыл бізге «Айрис» және «Тритон» атты ақпараттық-бағдарламалық кешен берілді. Олардың көмегі мен күдіктілердің телефон нөмірін, қозғалысын, орналасқан жерін жедел анықтауға болады.
Бүгінде заң қатаң. Есірткі бизнесіне қатысы барлар 20 жылға дейін сотталады. Бірақ, естір құлақ шамалы болып тұр. Әсіресе, жастар жағы заңның ала жібін аттауға жақын. Осы күні облыстың наркологиялық есебінде 487 адам тұрса, соның екеуі – кәмелетке толмаған бала. Брифинг соңында Жангелді Әпенов ата-аналарды ұл-қыздардың жүріс-тұрысына мән беруге шақырды.
Байболат Құлтанов