Күні кеше ғана Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 2-ші республикалық форумы өткен болатын. Саяси шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық депутат қатысты. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым.
Алқалы жиынға осынша көп халық қалаулысының шақыртылуы тегіннен-тегін емес. Себебі, кез келген ауыл, аудан азаматтарының мұң-мұқтажын олар жақсы біледі. Мемлекет басшысы жас депутаттардың санын көбейту керектігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтің сөзінше, қазіргі таңда жігерлі жастар елдегі өзекті мәселелерді көтеріп жүр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға жетпейтін. Бүгін ортамызда біршама жас депутаттар отыр. Өйткені, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді.
Отырысқа 50-ге жуық облысымыздың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Солардың бірі – Арман Бердағұлов. Халық қалаулысының айтуынша, алқалы жиыннан мол ақпар алған.
АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, қалалық мәслихаттың төрағасы:
– Форум екі форматта өтті. Түске дейін Мемлекет басшысымен кездессек, түстен кейін Үкімет басшыларының қатысуымен пленарлық отырыс болды. Форумда мол ақпар алдық. Алдағы уақыттан барлығын өңірімізде қолданатын боламыз.
Айта кету керек, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар.
Нұрасыл Ахмет